Freedom Inside '26

Қаза тапқан 12 жастағы оқушы ісіне қатысты жаңа деректер белгілі болды

Қаза тапқан 12 жастағы оқушы ісіне қатысты жаңа деректер белгілі болды
Коллаж: ult.kz

Алматының Түрксіб ауданында қаза тапқан 12 жастағы Абылайхан Ержанұлының өліміне қатысты жаңа мәліметтер жарияланды, деп хабарлайды ult.kz.

Марқұмның туыстарының айтуынша, оқиға 10 маусым күні кешке болған. Сол күні жетінші сыныпта оқитын екі оқушы алтыншы сыныпты енді ғана тәмамдаған Абылайханды кездесуге шақырған. Олардың бірі баланы екіншісінің үйіне алдап апарған.  

Әжесінің сөзінше, оқушыға асүй пышағымен тоғыз рет пышақ жарақаты салынған. Бала оқиға орнында көз жұмған. Туыстарының айтуынша, оларға немересінің жатқан жері туралы хабарланып, олар дереу барғанымен, жедел жәрдем қызметкерлері оның қайтыс болғанын растаған.  

Марқұмның жақындары қылмыстың себебі әлі түсініксіз екенін айтады. Абылайхан каратемен айналысқан, қара белбеу иегері болған және мектепте ешқандай мәселе туғызбаған. Қайғылы жағдайдан кейін күдікті жасөспірімнің ата-анасы кешірім сұрауға келгенімен, отбасы оларды қабылдамаған.  

Сонымен қатар туыстарын күдіктінің 13 жаста болуы алаңдатып отыр. Олар жасөспірімнің жауапкершіліктен құтылып кетуі мүмкін деген ақпаратқа наразылық білдірген.  

Полиция мәліметінше, кәмелетке толмағандар арасында жанжал туындап, соның салдарынан жасөспірім пышақ жарақатын алған. Қылмыстық іс қозғалып, 13 жастағы күдікті арнайы мекемеге орналастырылған. Сондай-ақ оның ата-анасының баланы тәрбиелеу міндетін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылу мәселесі қаралады.