Қаза болған 19 жастағы келіншектің өлімінде күмәнді жайттар белгілі болды

Қаза болған 19 жастағы келіншектің өлімінде күмәнді жайттар белгілі болды
Коллаж: ult.kz

Меркіде 19 жастағы Мадинаның қазасына қатысты жаңа деректер пайда болды. Марқұмның құрбысына жазған хаттары жарияланып, онда жас келіншек отбасындағы жанжалдар мен күйеуінің әрекеттері туралы айтқан, деп хабарлайды ult.kz.

Мадинаның сөзінше, соңғы жанжалдың себебі бір «Барни» тәттісінен басталған. Күйеуі тәттіні баласына әкелген, алайда Мадина оның біреуін жеп қойған. Осыдан кейін ерлі-зайыпты арасында жанжал шыққан.

«Бүгін Мадиярмен қатты ұрыстым. Бір “Барни” шоколад үшін ұрыстық қой. Тіпті ұрып жіберді. Балаға алып келіпті, содан біреуін алып жегем. Соған “Неге жейсің, мен оны балаға алып келдім?” деді», – деп жазған Мадина құрбысына.

Ол жанжалдан кейін дәретханаға кіріп кеткенін, алайда күйеуі артынан барып, басынан ұрғанын жазған.

«Ол келіп, басымнан ұрды, мен құлап қалдым. Елестетші, бір “Барни” үшін», – делінген хатта.

Келесі күні Мадина чемоданын жинап, күйеуінен кетуге және ажырасуға шешім қабылдағанын құрбысына хабарлаған. Ол жол шығынына 15 мың теңге сұраған. Құрбысы қажетті қаражатты бере алмағандықтан, таныстарынан көмек іздей бастаған.

Алайда көп ұзамай оған Мадинаның қайтыс болғаны туралы хабар жеткен.

Қайғылы жағдайдан кейін марқұмның жақындары әділдік талап етіп отыр. Олардың айтуынша, жас келіншектің өліміне қатысты күмәнді жайттар бар.

Қазіргі таңда бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған. Іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша тіркелген.