Денсаулық сақтау министрлігі Батыс Қазақстан облысында медициналық қалдықтардың заңсыз төгілу фактісіне байланысты тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады. Кінәлі тұлғалар заңға сәйкес жауапкершілікке тартылады, деп хабарлайды ult.kz.
Әлеуметтік желілерде Бәйтерек ауданына қарасты Байқоныс ауылы маңындағы қоқыс полигонынан медициналық қалдықтар табылғаны туралы видео тараған. Қауіпті қалдықтар су айдынына жақын аумаққа көмілгені анықталған.
Министрлік мәліметінше, оқиға орнына санитариялық-эпидемиологиялық қызмет, құқық қорғау органдары және экологиялық мамандар тартылып, кешенді тексеру жүргізілген. Барлығы 144 келі медициналық қалдық жиналып, тәркіленіп, кәсіпорын аумағына жеткізіліп, заттай дәлел ретінде мөрленген.
Қоршаған ортаға ықпалын бағалау үшін топырақ сынамалары алынып, аумақта дезинфекциялық жұмыстар жүргізілді.
Қазіргі таңда материалдар құқықтық баға беру үшін уәкілетті органдарға жіберілген. Зертханалық талдаудың алдын ала нәтижелері 3–7 күн ішінде белгілі болады.