Ақтөбедегі әскери бөлімде соққыға жығылғанын айтқан ақтаулық сарбаздың ата-анасы ұлына барды. Сарбаздың анасы Гүлдана Кетібаева ұлының жағдайы ауыр екенін айтып, оның қатты арықтап кеткенін және қазір катетермен жатқанын жеткізді, деп хабарлайды ult.kz.
Lada.kz жазуынша, анасы ұлының сыртқы келбеті де қатты өзгергенін айтқан.
«Көзі шүңірейіп, тым қатты арықтап кеткен. Киімі де кір-қожалақ болған. Тіпті ауыстыратын киімі де болмаған. Физикалық және эмоционалдық тұрғыдан әбден әлсіреген», – деді Гүлдана Кетібаева.
Оның сөзінше, кездесуден кейін әскери бөлім қызметкерлері сарбазға ауыстыратын киім әкелген.
Анасы ұлының денсаулығына қатысты да алаңдаушылық білдірді. Қазір сарбаз өздігінен дәретке шыға алмай, катетермен жатыр.
Кездесу кезінде сарбаз анасына шап тұсынан соққы алғанын айтқан. Анасының сөзінше, содан кейін оның денсаулығы нашарлап, дәретке шығуында қиындық пайда болған.
Сондай-ақ сарбаздың анасы ұлына ауырсынуына байланысты орындай алмайтын тапсырмалар берілгенін, ал тапсырманы орындамағаны үшін қайтадан соққыға жығылғанын мәлімдеді.
«Екі тәулік бойы дәретке шыға алмаған. Содан кейін ғана оны Ақтөбе облыстық ауруханасына жеткізген», – деді ол.
Гүлдана Кетібаеваның айтуынша, әскери прокуратура Қылмыстық кодекстің 451-бабы 1-бөлігімен («Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану») қылмыстық іс қозғаған.
Аталған бап бойынша айыппұл салу, түзеу жұмыстарына тарту, бас бостандығын шектеу немесе бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Сарбаз өзін ұрды деп көрсеткен сержанттардың аты-жөні әзірге жарияланған жоқ. Анасы мұны істің тергеліп жатқанына байланысты түсіндірді.
Қазір ол ұлын басқа әскери бөлімге ауыстыруды емес, әскери қызметтен босатуды сұрап отыр.
«Мұнда бұдан былай қызмет етуінің мәні жоқ. Ал кінәлілер заң бойынша жазалануы тиіс», – деді сарбаздың анасы.
Қазіргі уақытта ата-анасы ұлымен бірге Ақтөбе облыстық ауруханасында.
Еске салайық, бұған дейін Ақтөбеде әскери борышын өтеп жүрген Ақтаудың 18 жастағы тұрғыны Ербол Досымбет ауруханаға түскені хабарланған еді. Сарбаз әскери бөлімде өзін жүйелі түрде ұрып-соққанын айтып, полицияға арыз жазған.
Ол анасымен бейнебайланыс кезінде өзін аға сержант пен тағы екі сержант ұрғанын мәлімдеген. Кейін ІІМ 2026 жылдың наурызында аталған жағдай бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.