Freedom Inside '26

Қасым-Жомарт Тоқаев: Соңғы бес жылда мемлекеттік органдарға 16 миллионға жуық өтініш түсті

Қасым-Жомарт Тоқаев: Соңғы бес жылда мемлекеттік органдарға 16 миллионға жуық өтініш түсті
Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әкімшілік әділет және оның құқық үстемдігін қамтамасыз ету ісіндегі рөлі» атты халықаралық форумда сөз сөйлеп, Қазақстандағы әкімшілік әділет жүйесінің нәтижелері мен құқықтық реформалардың маңызына тоқталды, деп хабарлайды Ult.kz.

Президенттің айтуынша, «е-Өтініш» онлайн платформасы мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтеріп, азаматтардың өтініштерін ашық әрі тиімді қарауға мүмкіндік берді.

«Соңғы бес жыл ішінде мемлекеттік органдарға шамамен 16 миллион өтініштің келіп түсуі – соның айқын көрінісі», – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев әкімшілік әділет жүйесі іске қосылғаннан кейін азаматтардың құқықтарын қорғау мүмкіндігі айтарлықтай кеңейгенін атап өтті. Оның сөзінше, бұған дейін мемлекеттік органдардың шешімдері мен әрекеттеріне шағымдану қиын болса, қазір күмән туғызатын мәселелер азаматтардың пайдасына шешілуге тиіс қағидат қалыптасты.

Президент соңғы жылдары әкімшілік істер бойынша шығарылған сот шешімдерінің жартысынан астамы азаматтар мен бизнестің мүддесіне сай қабылданғанын айтты.

«Осылайша қоғамдағы "судьялар әрдайым билік өкілдерін жақтайды" деген қасаң пікір біртіндеп өзгеріп келеді», – деді ол.

Мемлекет басшысы әкімшілік әділеттің рөлі артып келе жатқанын айтып, жаңа Конституцияда әкімшілік сот төрелігінің сот ісін жүргізудің дербес нысаны ретінде бекітілуі маңызды қадам болғанын жеткізді.

Форум барысында инвестициялық ахуал мәселесі де көтерілді. Президенттің айтуынша, Қазақстанда инвесторлардың құқықтарын қорғау бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Соның нәтижесінде инвестициялық даулар бойынша сот шешімдерінің шамамен 80 пайызы инвесторлардың пайдасына шығарылған.

Қасым-Жомарт Тоқаев билік пен бизнес арасындағы диалогтың маңызын ерекше атап өтті.

«Билік және бизнес өкілдері өзекті түйткілдерді ашық талқылап, шешу жолдарын бірлесе іздеуі қажет», – деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстанның шетелдік инвестиция тарту көрсеткіші бойынша өңірде көш бастап тұрғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту үшін жаңа Конституцияға инвестициялық тартымдылықты арттыруға арналған бірқатар нормалар енгізілген.

Президент жақында қол қойған «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» конституциялық заңға да тоқталып, бұл құжат болашақ цифрлық агломерацияны қалыптастыруға құқықтық негіз қалайтынын айтты.

Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда Заң мен тәртіп қағидатына негізделген Әділетті Қазақстанды құру жұмыстары жалғасатынын мәлімдеп, сот жүйесінің тәуелсіздігін қамтамасыз ету мемлекеттің басты басымдықтарының бірі екенін атап өтті.