Қасым-Жомарт Тоқаев: Қазақстандағы президенттік басқару жүйесі Алтын Ордадан бастау алады

Қасым-Жомарт Тоқаев: Қазақстандағы президенттік басқару жүйесі Алтын Ордадан бастау алады
Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ту көтеру рәсімінде сөз сөйлеп, қазақстандықтарды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтады. Бұл Қазақ елінің әрбір азаматы үшін маңызы ерекше мереке екенін атап өтті, деп хабарлайды ult.kz.

"Елтаңба – елдігіміздің айшықты белгісі. Әнұран – азаттығымыздың айбынды үні. Көк Туымыз – Тәуелсіздік тұмары. Төбемізге көтеріп, қадір тұтатын осы үш рәмізді мемлекеттігіміздің мызғымас үштағаны десек, артық болмайды", - деді Президент.  

Мемлекет басшысы таяу арада Үкімет мемлекеттік рәміздерді орынды пайдалану мәселесі бойынша қаулыға қажетті түзетулер енгізетінін айтты. 

«Жалпыхалықтық референдумда қабылданған Конституция – Қазақстанның алдағы ондаған жылдарға арналған басты заңы. Дәл осы Ата заң халқымызды әлемдік өркениеттің жаңа белестеріне бастайды. Еліміздің бас құжаты – Конституция 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Тамыз айында бір палаталы Құрылтай сайлауы өтеді, ал қыркүйекте Қазақстан Халық Кеңесі құрылады", - деп еске салды Президент. 

Мемлекет басшысы ұрпақтар сабақтастығын сақтауда белсенді жұмыс жүріп жатқанын айтты. 

"Жошы хан жерленген Ұлытау аймағына облыс мәртебесі берілді. Елімізде Жошы ұлысын зерттеу институты құрылды. Біз бұл мекеменің ғылыми әлеуетін күшейте береміз. Көп ұзамай Қазақстан тарихының жеті томдық академиялық еңбегі жарыққа шығады. Оның бір томы түгелдей Алтын Орда тақырыбына арналды", - деді ол. 

Қасым-Жомарт Тоқаев қазір Қазақстанда берік орныққан президенттік басқару үлгісі Алтын Орда кезінде құрылған саяси жүйеден бастау алатынын еске салды. Бұдан бөлек, жаңа Конституцияда қазақ елінің төл шежіресі Ұлы даланың мыңдаған жылдық тарихы сабақтас екенін айқын көрсетілген. 

"Елордамызда Ұлы дала өркениетіне арналған зәулім ғимарат салынады. Жақында Астанада ЮНЕСКО-ның аясында Алтын Орда мұрасын зерттеу ісіне арналған халықаралық симпозиум өткізілді. Мұның бәрі мемлекеттігіміздің тұғырын нығайта түсуге зор ықпал етеді. Алтын Орда өзінің басқару институттары, дипломатиялық қызметі, байланыс және кеден жүйесі, әлемде мойындалған валютасы, озық инновациялары бар орта ғасырдағы алып ел болды. Қазір Қазақстанда берік орныққан президенттік басқару үлгісі Алтын Орда кезінде құрылған саяси жүйеден бастау алады", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Қазақстан үшін Алтын Орда мұрасы – стратегиялық бағдар. 

"Алтын Орданың ең басты мұрасы – оның мызғымас құндылықтары. Себебі алып мемлекетте діні, тілі, мәдениеті, дәстүрі бөлек адамдар ортақ ережелер аясында тату-тәтті өмір сүрді. Бабаларымыздың осындай тағылымды жолы біз үшін өшпес өнеге және басты стратегиялық бағдар болып қала береді. 

Алтын Орданың жетістігі Еуразиядағы көптеген халықтың ортақ игілігі саналады. Сондықтан Ұлық Ұлыстың мұрагері ретінде біз Еуразияның біртұтастығын, өсіп-өркендегенін, ондағы мемлекеттердің барлығы тату-тәтті ғұмыр кешіп, ортақ қауіпсіздікті сақтап, халықтарының игілігі үшін қызмет еткенін құптаймыз", - деді Президент.