Ақордада Медицина қызметкері күніне арналған салтанатты іс-шара өтіп, оған денсаулық сақтау саласының үздік мамандары қатысты, деп хабарлайды ult.kz.
Жиында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, олардың қоғам алдындағы еңбегіне жоғары баға берді.
Президенттің айтуынша, ұлт саулығы – мемлекеттің басты құндылықтарының бірі, сондықтан денсаулық сақтау саласын дамыту стратегиялық маңызға ие.
«Халқымыз «Бірінші байлық – денсаулық» деген тағылымды сөзге ерекше мән берген. Ұлт саулығы – еліміз үшін бәрінен қымбат құндылық. Сондықтан медицина саласын дамыту мемлекеттің стратегиялық міндеті саналады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы денсаулық сақтау жүйесінде адал еңбек етіп жүрген дәрігерлерге, медбикелерге және сала қызметкерлеріне алғыс айтып, олардың азаматтардың денсаулығын нығайтуға қосып отырған үлесі орасан екенін атап өтті.
Сонымен қатар Президент елде жүзеге асырылып жатқан реформаларға тоқталып, Әділетті, Күшті, Озық әрі Таза Қазақстан құру жолындағы жұмыстардың жалғасып жатқанын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкерлерінің жалпыұлттық референдумға белсенді қатысқанын ерекше атап өтіп, азаматтық жауапкершілік танытқан сала мамандарына ризашылығын білдірді.
Президент өз сөзінде жаңа Конституцияда денсаулық сақтау мәселесіне ерекше назар аударылғанын жеткізді.
«Бұл адам өмірін сақтау медицина мамандарының міндеті ғана емес, тұтас қоғамның жауапкершілігі екенін көрсететін маңызды қадам болды», – деді Мемлекет басшысы.
Ақордадағы салтанатты жиын барысында медицина саласының дамуы, халық денсаулығын қорғау және сала мамандарының мәртебесін арттыру мәселелері де сөз болды.