Астанада Кипр Республикасының Президенті Никос Христодулидис ресми сапармен келіп, оны салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті, деп хабарлайды Ult.kz.
Іс-шара барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мен Кипр басшысы делегация мүшелерін таныстырып, екі елдің мемлекеттік әнұрандары орындалды.
Келіссөздер алдымен шағын құрамда, кейін екі ел делегацияларының қатысуымен кеңейтілген форматта жалғасты.
Мемлекет басшысы Кипр Президентінің Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келуін тарихи оқиға деп атап, соңғы жылдары екіжақты қарым-қатынаста елеулі нәтижелерге қол жеткізілгенін айтты.
– Біз елшіліктерімізді аштық, екі мемлекет арасында тікелей әуе рейсі іске қосылды. Дегенмен өзара ынтымақтастықты кеңейту үшін әлеуетіміз әлі де мол, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз кезегінде Никос Христодулидис Қазақстанға Кипрден қатынайтын алғашқы тікелей рейспен келгенін айтып, бұл оқиғаның символдық мәні зор екенін жеткізді.
Келіссөздер барысында тараптар сауда-экономикалық байланыстарды дамыту, инвестиция тарту, көлік-логистика, цифрландыру, жасанды интеллект, қаржы, туризм және білім беру салаларындағы әріптестікті кеңейту мәселелерін талқылады.
Қазақстан Президенті екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды жандандыру мақсатында Экономикалық ынтымақтастықтың 2028 жылға дейінгі жол картасын әзірлеуді, үкіметаралық комиссия мен Іскерлік кеңес құруды ұсынды.
Кипр Президенті Қазақстанды Еуропа Одағы үшін маңызды стратегиялық серіктес деп атап, кипрлік бизнес өкілдерінің қазақстандық нарыққа қызығушылығы артып келе жатқанын мәлімдеді.
Келіссөз қорытындысында тараптар сауда, инвестиция, цифрлық коммуникация, жасанды интеллект және қаржы салаларындағы ықпалдастықты нығайтуға, сондай-ақ мәдениет, білім, спорт және туризм бағыттарындағы байланыстарды кеңейтуге уағдаласты.