Қаскелеңдегі мешітте жасөспірімдерді ұрған оқытушыға қатысты қылмыстық іс қозғалды

Қаскелеңдегі мешітте жасөспірімдерді ұрған оқытушыға қатысты қылмыстық іс қозғалды
видеодан скриншот

Қаскелеңдегі мешітте кәмелетке толмағандарға күш қолдану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды ult.kz HALYQSTAN Телеграм арнасына сілтеме жасап.

Бұл туралы Алматы облысы полиция департаменті мәлімдеді.

Полицияның мәліметінше, оқиға биыл 2 маусымда мешіт аумағында болған. Қазір кәмелетке толмағандар мен олардың ата-аналарымен қажетті процессуалдық әрекеттер жүргізіліп жатыр.

«Тергеу бақылауда. Оқытушының әрекетіне заңға сәйкес құқықтық баға беріледі», – деп хабарлады полиция.

Бұған дейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы видеода «Түркістан-1» мешітінің оқытушысы Дүйсехан Нұрберді бейнеленгенін хабарлаған.

ҚМДБ мәліметінше, оқушылар арасында жанжал туындаған. Ал оқытушы тәртіпке шақыру кезінде эмоцияға беріліп, педагогикалық әдепке сай келмейтін әрекетке барған.

Оқиғадан кейін мешітте арнайы жиын өтіп, Дүйсехан Нұрберді өз қателігін мойындап, оқушылардың ата-аналарынан кешірім сұраған. ҚМДБ ата-аналар оқытушыға қатысты талап-арызы жоқ екенін жазбаша растағанын мәлімдеді.

Кейін ҚМДБ бұйрығымен Дүйсехан Нұрберді мешіт оқытушысы қызметінен босатылған.