Алматы облысындағы мешіттердің бірінде ұстаздың жасөспірімдерді ұрғаны түсірілген видео әлеуметтік желіде тарады. Бұл жағдайға қатысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы түсініктеме берді, деп хабарлайды ult.kz.
Kozachkov offside Telegram-арнасында жарияланған видеода сыныпта ер адамның бірнеше балаға айқайлап, кейбірін ұрғаны көрінеді.
Жазба авторларының мәліметінше, оқиға Қарасай ауданындағы мешіт жанындағы оқу орнында болған.
Оқиға қашан болған?
ҚМДБ Алматы облысындағы өкілдігінің мәліметінше, видео 2026 жылғы маусымның басында «Имани жаз» діни сауаттылық бойынша жазғы курстар кезінде түсірілген. Оқу Түркістан-1 мешітінде өткен.
ҚМДБ мәлімдеуінше, мешіттің Д.Н. есімді оқытушысы балаларды тәртіпке шақыру кезінде эмоцияға беріліп, педагогикалық әдеп нормаларына және оқытушылық қызмет талаптарына сай келмейтін әрекетке барған.
Оқиға белгілі болғаннан кейін арнайы жиын өтіп, жағдай жан-жақты қаралған.
«Д.Н. өз қателігін мойындап, өкініш білдірді және ата-аналардан кешірім сұрады», – делінген ҚМДБ мәлімдемесінде.
Ұстаз қызметінен босатылды
ҚМДБ мәліметінше, ата-аналардан бұл жағдайға қатысты шағымы мен наразылығы жоқ екені туралы жазбаша өтініштер және видеожазбалар алынған.
Ал оқушыларды ұрған ұстаз мешіттегі оқытушылық қызметінен босатылған.