Қаскелеңде күйеуін өлтірді деп айыпталған көпбалалы ана сотта ақталды

Қаскелеңде күйеуін өлтірді деп айыпталған көпбалалы ана сотта ақталды
Ашық дереккөзден

Қаскелеңде күйеуін қасақана өлтірді деп айыпталған көпбалалы анаға қатысты сот процесі аяқталды. Алқабилер сотталушыны толық ақтау туралы шешім шығарды. Бұл туралы құқық қорғаушы Дина Тансари әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ult.kz.

Құқық қорғаушының мәліметінше, әйел бірнеше жыл бойы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Жолдасы оны жүйелі түрде ұрып-соғып, тұншықтырған, тіпті емізулі баласымен бірге аязда далаға шығарып жіберген. Сондай-ақ жүкті кезінде де ауыр жарақат салған.

Оқиғаға дейін бірнеше күн бұрын жағдай ушыға түскен. Әйел күйеуінің көзіне шөп салғанын біліп, ажырасуға бел буған. Осыдан кейін ер адам тағы да оған қол көтерген.

Оқиға болған күні әйел күйеуінен «Маған бұдан әрі де қол көтере бересің бе?» деп сұраған. Ер адам оған оң жауап берген. Осыдан кейін болған жағдай әйелге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-бөлігі («Адам өлтіру») бойынша қылмыстық іс қозғалуына себеп болған.

Сот процесі әйел үшін ауыр өткен. Ол 15 тамызда бесінші баласын дүниеге әкелуі тиіс болған. Соған қарамастан, сот отырыстарына Алматыдағы тергеу изоляторынан Қаскелеңге конвоймен күн сайын жеткізіліп отырған. Екі елді мекеннің арасы шамамен 60 шақырым.

Іс материалдарының барлығын зерттеген алқабилер сотталушыны кінәсіз деп танып, толық ақтау үкімін шығарды.