«Qarmet» компаниясы, «ҚазТрансОйл» АҚ және оның еншілес ұйымы – «Магистральдық су құбыры» ЖШС металл сынықтарын тікелей жеткізу жөнінде келісімдерге қол қойды. Ынтымақтастық отандық өндірісті қолдауға, ел ішіндегі өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға және Қазақстан аумағында шикізатты қайта өңдеу көлемін ұлғайтуға бағытталған.
Қол жеткізілген келісімдер қазақстандық кәсіпорындарды стратегиялық маңызы бар шикізатпен қамтамасыз етудің тиімді тетігін қалыптастыру мақсатында компаниялардың, мемлекеттік органдардың және салалық қауымдастықтардың бірлескен жұмысының нәтижесі болды.

Тікелей жеткізілімдерді ұйымдастыру үшін «ҚазТрансОйл» компаниялар тобы қажетті дайындық жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда, қара және түсті металл сынықтары мен қалдықтарын көтерме саудада өткізуге рұқсат алды, құрылтай құжаттарына өзгерістер енгізіп, өнімді өткізуге қатысты ішкі рәсімдерді бекітті.
«ҚазТрансОйл» АҚ мен «Qarmet» АҚ арасындағы келісім бір жыл мерзімге, ал «Магистральдық су құбыры» ЖШС-мен жасалған келісім бес жылға жасалды. Ынтымақтастықтың келесі кезеңінде пайдаланылған құбыр өнімдерін жеткізу жөніндегі келісімге қол қою жоспарланып отыр.
Тікелей мақсатты жеткізілімдер «Qarmet»-ке металлургиялық өндіріс үшін қосымша шикізат көлемін алуға, оны ел ішінде қайта өңдеу үлесін арттыруға және екінші реттік материалдық ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
«Qarmet» пен «ҚазТрансОйл» арасындағы ынтымақтастық өнеркәсіптік кооперацияны дамыту мен отандық өндірістік әлеуетті нығайтуға бағытталған тағы бір нақты қадам болмақ.