Қарағанды тұрғынының полиция қызметкерін соққыға жыққаны үшін шыққан үкімге қатысты дау туындады. Бұл туралы Патриот telegram арнасы жазады, деп хабарлайды ult.kz.
Арнаның мәліметінше, Магамед Гагиев қаржылық пирамидаға қатысты қылмыстық іс бойынша күдікті ретінде қамауда отырған азаматтық жұбайына кездесуге келген. Алайда сол күні адвокаттар мен қоғамдық қорғаушылардың көп болуына байланысты кездесуге арналған кабинеттер бос болмай, кездесу кейінге шегерілген. Осыдан кейін Гагиев пен тергеу изоляторының режим және күзет бөлімінің қызметкері Әсел Жамбаева арасында жанжал шыққан. Куәгерлердің айтуынша, ер адам полиция қызметкерін итеріп, кейін оның бет тұсынан ұрған. Соққыдан қызметкер құлай жаздаған.
Патриоттың жазуынша, оқиға кезінде Гагиев шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған.
Ол бұған дейін Теміртаудағы түнгі клубта адам өлтіргені үшін сотталған болатын.
Бірінші сатыдағы сот оны «билік өкіліне күш қолданғаны үшін» және бұрынғы жазасының өтелмеген бөлігін ескере отырып, 5 жылға бас бостандығынан айырған.
Алайда кейін апелляциялық сот істі қайта қарап, айыпты «билік өкіліне күш қолдану» бабынан 109 бапқа, «денсаулыққа жеңіл зиян келтірмеген ұрып-соғу» бабына ауыстырған. Соның нәтижесінде сотталған азаматқа қоғамдық жұмыстар тағайындалды. Тергеу кезінде қамауда болған мерзімі жаза ретінде есептеліп, бостандыққа шыққан. Бұл шешімді кассациялық сот алқасы да өзгеріссіз қалдырған.
Қазіргі уақытта полиция қызметкері Әсел Жамбаева мен оның қорғаушысы Артем Шедогубов апелляциялық және кассациялық соттардың шешімдерін әділетсіз деп есептейді. Олар Бас прокуратурадан істің мән-жайын қайта қарап, бірінші сатыдағы сот үкімін күшінде қалдыруды сұрап отыр.