Қарағандыда пойыздың төрт жолаушысын тонаған ер адам сотталды

Қарағандыда пойыздың төрт жолаушысын тонаған ер адам сотталды
ашық дереккөзден

Қарағанды маңында пойыз жолаушыларының заттарын ұрлаған ер адам 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасына сотталды. Сонымен қатар оған мәжбүрлі еңбек пен пробациялық бақылау тағайындалды, деп хабарлайды ult.kz.

Іс материалдарына сәйкес, ер адам 2024 жылғы қыркүйекте Қарағандыдағы Durum дәмханасына желдеткіш терезе арқылы кіріп, iPhone 7 телефоны мен асүй пышағын ұрлаған. Шығын 55 мың теңгені құраған.

Бір айдан кейін ол «Көкшетау – Қызылорда» бағытындағы №056 пойызына ұрлық жасау мақсатында отырған. Қарағанды-Пассажирская мен Қарабас станциялары аралығында бір түн ішінде төрт жолаушының заттарын ұрлаған. Үш телефон мен ішінде екі алтын жүзігі бар әйелдер сөмкесін алып кеткен. Жалпы шығын 460 мың теңге болған.

Қарағанды қаласының Әлихан Бөкейхан аудандық сотында ер адам кінәсін мойындап, келтірілген шығынды өтеген. Сот оның шын жүректен өкінгенін және жазаны ауырлататын мән-жайлардың болмағанын ескерді.

Сот оны бірнеше рет ұрлық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.

Үкім заңды күшіне енді.