Қарағанды қаласында даңқты батыр Бауыржан Момышұлының есімі берілген төбедегі мемориалдық тақтаны белгісіз біреулер қиратып кеткен. Оқиға қоғамда үлкен наразылық тудырып, полиция тексеру жұмыстарын бастады, деп хабарлайды ult.kz.
Оқиғадан кейін қала тұрғыны Иван Стрижаков әлеуметтік желіде бейнеүндеу жариялап, мұндай әрекетті батырдың рухына жасалған құрметсіздік деп бағалады. Оның айтуынша, мемориалдық тақта таспен ұрылып, әдейі сындырылған.
«Бұл жерге туристер де, қоғамдық ұйымдардың өкілдері де жиі келіп, Бауыржан Момышұлының рухына тағзым етеді. Осындай тарихи орынға қол көтергендерді ақтауға болмайды», – деді ол.
Қарағанды облыстық полиция департаменті аталған дерек бойынша тексеру басталғанын мәлімдеді. Қазіргі уақытта мемориалдық тақтаны бүлдірген адамдарды анықтау және оқиғаның барлық мән-жайын анықтау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.