Қарағанды облысында клиенттердің атына заңсыз несие рәсімдеу арқылы миллиондаған теңге жымқырды деген күдікпен банк менеджері ұсталды, деп хабарлайды ult.kz.
Polisia.kz мәліметінше, Саран қаласының полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында банктердің бірінде менеджер болып жұмыс істеген 23 жастағы күдіктіні қолға түсірген.
Тергеу нұсқасына сәйкес, күдікті қызметтік мүмкіндігін және клиенттердің сенімін пайдаланып, олардың келісімінсіз сұралған сомадан әлдеқайда жоғары көлемде несие рәсімдеп отырған. Ал клиенттер өздеріне аз мөлшерде ғана қарыз берілді деп ойлаған. Іс жүзінде олардың атына ірі көлемдегі несиелік міндеттеме рәсімделгені кейін белгілі болған.
Қазіргі уақытта полицияға төрт адам жәбірленуші ретінде жүгінген. Алдын ала есеп бойынша келтірілген материалдық шығын 6,9 миллион теңгеден асады.
Аталған фактілер бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабының 2-бөлігі ("Алаяқтық") бойынша қылмыстық істер тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Қазір тергеушілер оқиғаның барлық мән-жайын анықтауда. Сонымен қатар күдіктінің осыған ұқсас өзге де алаяқтық әрекеттерге қатысы бар-жоғы тексерілуде.
Полиция азаматтарға несие рәсімдеу кезінде барлық құжатты мұқият оқып, көрсетілген соманы жеке тексеруге, сондай-ақ ұялы телефонды, банктік қосымшаларға қолжетімділікті, SMS-кодтар мен жеке деректерді бөгде адамдарға бермеуге кеңес берді.