Үйленген жігіт 13 жастағы қызға анайы сөздер жазып, кездесуге шақырған

Үйленген жігіт 13 жастағы қызға анайы сөздер жазып, кездесуге шақырған
Фото: видеодан кадр

Балалардың қауіпсіздігіне арналған акция аясында «Жаңа адамдар» белсенділері әлеуметтік желіде ойдан шығарылған 13 жастағы қыздың атынан парақша ашқан, деп хабарлайды ult.kz.

Белсенділердің айтуынша, ер адамдардың бірі виртуалды «қызға» әдепсіз сипаттағы хабарламалар мен материалдар жіберіп, интимдік сипаттағы әрекеттерді ұсынған. Сондай-ақ кездесуге шақырып, олардың жазысқанын ешкімге айтпауды талап еткен. Хат алмасу барысында ер адамның әңгімелесушісінің 13 жаста екенін білгені байқалған.

Кездесуге белгіленген уақытта 27 жастағы ер адам келген. Алайда оның алдынан кәмелетке толмаған қыздың орнына белсенділер шыққан.

Оқиға орнына полиция қызметкерлері де шақырылған. Белсенділер ер адаммен болған хат алмасуды және жинақталған материалдарды құқық қорғау органдарына тапсырған.

Қазір аталған жайт бойынша тиісті тексеру жүргізіліп, ер адамның әрекетіне құқықтық баға берілмек.