Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның 2020–2030 жылдарға арналған сыртқы саясат тұжырымдамасына өзгерістер енгізді. Тиісті жарлыққа 14 тамызда қол қойылған, деп хабарлайды ult.kz.
Жаңартылған құжатта Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі бағыты ретінде көпвекторлы, прагматикалық және проактивті саясат ұстанымы сақталған. Сонымен қатар ұлттық мүддені қорғауға басымдық күшейтілді.
Тұжырымдамада Қазақстанның тәуелсіздігі, егемендігі мен аумақтық тұтастығын нығайту, сыртқы саясаттағы дербестікті сақтау негізгі міндеттердің бірі ретінде көрсетілген.
Тағы бір маңызды өзгеріс — мемлекет азаматтарының шетелдегі мүддесін қорғауға ерекше назар аударылуы. Қазақстан шетелде жүрген азаматтарының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жұмыстарын жетілдіруді көздейді. Бұл шетел азаматтары асырап алған, шетелде тұратын қазақстандық балаларға да қатысты.
Құжатта сыртқы саясатты қоғамға түсіндіру қажеттігі де күшейтілді. Қазақстан билігі азаматтарға сыртқы саясаттың міндеттері, басымдықтары және оның ел азаматтарына әкелетін нақты нәтижелері мен пайдасын жүйелі түрде түсіндіруі тиіс.
Сондай-ақ халықаралық қоғамдастыққа Қазақстанның аймақтық және жаһандық саясат пен экономикаға қатысты ұстанымдары мен бастамаларын, соның ішінде Астана халықаралық форумының мүмкіндіктерін пайдалана отырып, таныстыру көзделген.
Құжаттағы тағы бір назар аударарлық өзгеріс — мемлекеттік құрылымға қатысты бөлім. Жаңартылған тұжырымдамада:
«Қазақстан Республикасының Құрылтайы — заң шығарушы билікті жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының жоғары өкілді органы» деп көрсетілген.
Сонымен бірге сыртқы саясаттағы сабақтастық қағидаты сақталып, Қазақстанның халықаралық беделін нығайту мен әлемдік саяси, экономикалық және гуманитарлық кеңістікке тең дәрежеде интеграциялану міндеттері белгіленді.
Жарлық күшіне енді.