Ресейден аса ірі мөлшерде алаяқтық жасады деген күдікке ілінген Қазақстан азаматы елге жеткізілді. Оған кен өндіру және жол құрылысына қатысты келісімшарттар жасасуға көмектесемін деп, азаматтардан қомақты қаражат алды деген айып тағылып отыр, деп хабарлайды ult.kz.
Бас прокуратураның мәліметінше, тергеу барысында күдіктінің 2019 жылдың ақпанында Ақмола облысындағы кен орнында құрамында алтын бар кенді өндіруге арналған келісімшарт жасасуға жәрдемдесемін деген сылтаумен үш азаматтан 500 мың АҚШ долларын иемденгені анықталған.
Күдікті мұнымен тоқтамаған. 2021 жылы ол екі кәсіпкерді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-мен жол-құрылыс жұмыстарына қатысты келісімшарт жасауға көмектесетініне сендіріп, олардан 93,4 млн теңге алған.
Қылмыстан кейін күдікті Қазақстаннан жасырынған. Осыған байланысты оған халықаралық іздеу жарияланған.
Бас прокуратураның хабарлауынша, күдікті өткен жылдың қыркүйегінде Ресейдің Мәскеу қаласында ұсталған. Қазақстан тарапының сұрауы негізінде ол елге экстрадицияланды.
Қазір күдікті тергеу изоляторына қамалған. Оның кінәсі сотта дәлелденген жоқ.
Бұл қылмыс бойынша мүлікті тәркілеу, сондай-ақ белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып не онсыз 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.