Қазақстанда заңсыз айналымдағы қару-жарақты және оның жасырылған орындарын анықтау жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл бағытта Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік органдары бірлесіп жұмыс істеуде, деп хабарлайды ult.kz.
Мәселен, Шымкенттің Тұран ауданында автожол маңындағы арықтан қару-жарақ жасырылған орын табылды. Ол жерден үш аңшылық мылтық, бір мылтықтың кесіндісі және тапанша тәркіленген.
Тексеру барысында қарулардың бірінің 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыдағы қару-жарақ дүкенінен ұрланғаны анықталды.
Осындай жағдай Петропавлда да тіркелді. Қала аумағындағы ашық жерден аңшылық мылтық, нөмірлері өшірілген екі мылтықтың кесіндісі, бронежилет және 27 дана оқ-дәрі табылған.
Ішкі істер министрлігі заңсыз сақталған қаруды өз еркімен тапсырған азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылатынын еске салды.
Сонымен қатар ведомство 20 сәуірден бастап жыл соңына дейін халықтан заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сатып алу бойынша акция өткізіп жатыр.
Бүгінде акция аясында азаматтар шамамен 900 дана түрлі қару мен 6 мыңға жуық оқ-дәріні өз еркімен тапсырған.