Бүгін Астанада оныншы Astana Media Week форумы басталды, деп хабарлайды ult.kz.
Іс-шараның алғашқы күнінде медиа саласында жасанды интеллектіні қолдану, журналистердің жауапкершілігі және ақпаратқа деген сенімді сақтау мәселелері талқыланды.
Ұзақ жылдан бері Astana Media Week медиа өкілдері бас қосып, саланың өзекті мәселелерін талқылайтын маңызды алаңға айналды. Бұл туралы форумда ҚР Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов айтты.
«Media. Human. AI: 10 жылдық трансформация. Сенімнің жаңа архитектурасы» атты пленарлық сессияда сөз сөйлеген бірінші вице-министр технологияның мүмкіндігі артқан сайын оны қолданудағы жауапкершілік те күшейе түсетінін жеткізді.
Осыған байланысты медиа саласындағы сенімді нығайту үшін келесі бағыттарға басымдық беру қажет. Оның ішінде шынайы ақпараттың маңызын арттыру, жасанды интеллект арқылы жаңалықтарды тұтыну дағдысына ықпалы, журналистиканың терең талдауға бағытталуы және қазақ тіліндегі сапалы контент көлемін көбейту бар.
Вице-министрдің пікірінше, редакциялар цифрлық платформалардың жылдамдығына ілескенімен, фактчекинг пен кәсіби стандарттарды сақтауы керек. Мемлекет сапалы контентті заңнамалық бастамалар, қаржыландыру және гранттық бағдарламалар арқылы қолдауды жалғастырады. Сонымен қатар деректерді тексеру және мемлекеттік тілде отандық контент өндіру жобаларына назар аударылады.

Форумда жасанды интеллектіні қолдану кезінде журналистер мен редакциялардың жауапкершілігіне де ерекше мән берілді. Қанат Ысқақов алгоритм мәтін жаза алғанымен, жарияланған сөз үшін жауап бере алмайтынын айтты. Оның сөзінше, материалдың мазмұны мен дұрыстығына жауапкершілік журналист пен редакцияға жүктеледі.
Осыған орай ол медиа қауымдастығымен бірлесіп, редакцияларда жасанды интеллектіні жауапкершілікпен қолданудың ортақ қағидаларын әзірлеуді ұсынды. Бұл нормалар жоғарыдан міндеттелетін талап емес, журналистердің өздері қалыптастыратын кәсіби стандарт болуы керек.
Сондай-ақ вице-министр нейрожелілердің көмегімен жасалған контентті арнайы белгілеу мәселесін көтерді. Оның пікірінше, оқырман, көрермен және өзге де пайдаланушылар материалды әзірлеу кезінде жасанды интеллект қолданылғанын білуі тиіс. Мұндай ашықтықты қамтамасыз етуге медиа қауымдастығы мен цифрлық платформалар бірдей жауапты.
Қанат Ысқақов жалған ақпарат пен қолдан жасалған материалдарды ажырата білу тек фактчекерлердің міндеті емес екенін атап өтті. Бұл дағды әрбір ақпарат тұтынушысы үшін маңызды.
«Алгоритм мәтін жаза алады, бірақ сөз үшін жауап бере алмайды. Жауапкершілік әрдайым журналист пен редактордың мойнында қалады. Сондықтан медиа қауымдастықпен бірге редакциялар да жасанды интеллектті жауапкершілікпен пайдаланудың ортақ қағидаттарын әзірлеуді ұсынамыз. Ең алдымен, бұл – аудиторияға ашықтық таныту және жасанды интеллекттің қатысуымен жасалған дүниенің бәрін адамның міндетті түрде тексеруі», – деді бірінші вице-министр.
Айта кетейік, 14-16 қазан аралығында Бейбітшілік және келісім сарайында өтіп жатқан форум биыл «Қазақстанның болашақ медиа кеңістігінің бірыңғай платформасы» тақырыбымен ұйымдастырылды.