Freedom Inside '26

«Qaitadan» Орталық Азияның үздік фильмі атанды

«Qaitadan» Орталық Азияның үздік фильмі атанды
Gov.kz

Қырғызстан астанасында өткен IV Бішкек халықаралық кинофестивалінде қазақстандық «Qaitadan» фильмі Орталық Азия байқауының Гран-при жүлдесіне ие болды, деп хабарлайды ult.kz.

Фестиваль аясында Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан киногерлерінің туындылары ұсынылған арнайы байқау ұйымдастырылды. Қазылар алқасының шешімімен «Qaitadan» картинасы «Үздік фильм» аталымында жеңімпаз деп танылды.

«Qaitadan» соңғы жылдардағы ең табысты қазақстандық киножобалардың бірі саналады. Фильм өткен жылы прокатқа шыққаннан кейін небәрі үш апта ішінде 1 миллиард теңгеден астам кассалық табыс жинап, отандық кинопрокаттағы көшбасшылар қатарына қосылған еді.

Бұған дейін туынды Қазақстандағы креативті индустриялар саласындағы беделді STEPPE AWARDS сыйлығының «Кинематография» аталымы бойынша да үздік деп танылған.

Айта кетейік, фильм жобасы 2023 жылы өткен питчингтің жеңімпазы атанып, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылған. «Qaitadan» фильмінің халықаралық деңгейдегі бұл жетістігі қазақстандық кино өндірісінің Орталық Азия кеңістігіндегі әлеуетін тағы бір мәрте көрсетті.