Қазақстан мыс концентратын өндірумен және оны экспорттаумен ғана шектелмей, шикізатты ел ішінде өңдеуге басымдық беруі керек. Профессор Өмірсерік Байкенженов мыс концентратын өңдеу тарифін айқындайтын әдістеме төңірегіндегі пікірталасқа қатысты осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ult.kz.
Оның айтуынша, бұл мәселені бір ғана қызметтің бағасына қатысты дау деп қарастыру дұрыс емес. Оның арғы жағында Қазақстанның болашақта қандай мыс өнеркәсібін қалыптастырғысы келетіні туралы маңызды таңдау тұр.
"Қазақстан мыс концентратын өндірумен және экспорттаумен ғана шектеле ме, әлде шикізатты ел ішінде өңдеп, қосылған құны жоғары өнім шығаруды дамыта ма? Негізгі мәселе – осы", – дейді профессор.
Бұл мәселе қазір ерекше өзекті. Әлемдік нарықта мыс концентратын өңдегені үшін төленетін ақы тарихи ең төменгі деңгейге түсті. Осы тұста Қазақстан алдына өңдеу деңгейі жоғары өнім өндірісін ұлғайту міндетін қойып отыр.
Мемлекет ортақ ереже белгілеуге құқылы
Байкенженовтің сөзінше, тарифті айқындау әдістемесінің тікелей құқықтық негізі бар. 2026 жылы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне мыс концентратын өңдеу тарифін есептеу әдістемесін әзірлеп, бекіту өкілеттігі берілген. Бұл шара мемлекеттің жалпы өнеркәсіптік саясатына сай келеді.
Профессор Конституцияда жер қойнауы мен табиғи ресурстардың халыққа тиесілі екені, ал мемлекет меншік құқығын халық атынан жүзеге асыратыны жазылғанын еске салды.
Оның пайымынша, бұл қағида шикізат экспортына тыйым салу керек дегенді білдірмейді. Алайда мемлекет табиғи ресурстардың елге тек өндіруден түсетін табыс емес, өңдеу кәсіпорындарын, инвестицияны, жұмыс орындарын және өнеркәсіптік дамуды қамтамасыз етуіне жағдай жасауға құқылы.
"Ресурстық база Қазақстанның ұзақмерзімді мүддесіне қызмет етуі керек. Жер қойнауынан табыс алумен ғана шектелмей, шикізатты өңдеу арқылы қосымша құн қалыптастыру қажет", – деп жазды ол.
Бұл бағыт «Өнеркәсіптік саясат туралы» заңда да қарастырылған. Құжатта шикізаттық модельден біртіндеп бас тарту, өңдеу өндірісін тереңдету және қосылған құны жоғары өнім шығару міндеттері белгіленген. Заңның 60-бабында өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз етудің арнайы тетігі көзделген.
Профессор Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың:
"Жоғары деңгейде өңделген өнім өндіру шикізат экспортынан коммерциялық тұрғыдан анағұрлым тартымды болуы керек", - деген 2026 жылы айтқан сөзін де келтірді.
Байкенженовтің пікірінше, жаңа әдістеменің мақсаты – концентратты әкімшілік жолмен елде ұстап қалу немесе кен өндірушілердің табысын металлургиялық кәсіпорындарға бөліп беру емес. Ол өндіру саласының инвестициялық тартымдылығын сақтай отырып, Қазақстандағы өңдеу кәсіпорындарының жұмыс істеуіне, жаңғыртылуына және жаңа қуаттар ашуына мүмкіндік беретін түсінікті экономикалық орта қалыптастыруға тиіс.
Әлемдегі нөлдік мөлшерлеме өңдеу тегін деген сөз емес
Пікірталастағы негізгі мәселенің бірі – әлемдік Treatment Charge немесе концентратты өңдеу ақысы. Бұл көрсеткіш кейде мыс балқытудың нақты құны ретінде қабылданады. Алайда профессор мұндай түсініктің қате екенін айтады.
Өңдеу ақысы негізінен нарықтағы концентрат көлемі мен оны өңдейтін зауыттардың қуатына байланысты қалыптасады. Егер шикізат тапшы болса, зауыттар концентрат үшін өзара бәсекеге түсіп, өңдеу ақысын төмендетеді.
Халықаралық энергетика агенттігінің мәліметінше, 2026 жылы әлемдік жылдық эталондық өңдеу ақысы тоннасына нөл доллар деңгейінде белгіленген. Ал жедел нарықтағы көрсеткіш 2024 жылдан бері теріс мәнде қалып отыр.
Бұған Қытайдағы мыс балқыту қуатының күрт артуы да әсер еткен. 2005 жылдан кейін әлемде іске қосылған жаңа мыс балқыту қуатының 90 пайыздан астамы Қытайға тиесілі. 2025 жылға қарай елдің үлесі дүниежүзіндегі жалпы қуаттың шамамен жартысына жеткен.
"Өңдеу ақысы нөлге түскенімен, зауыттың шығыны жойылмайды. Электр энергиясына, қызметкерлерге, жөндеуге, экологиялық шаралар мен өндірісті жаңғыртуға бәрібір қаражат қажет. Сондықтан әлемдік көрсеткішті өңдеудің өзіндік құны деп тікелей қабылдауға болмайды", – деп түсіндірді профессор.
Оның сөзінше, мыс өндіру кезінде алынатын алтын, күміс, күкірт қышқылы сияқты ілеспе өнімдер кәсіпорын экономикасына қолдау көрсете алады. Алайда олардан түсетін кіріс таза пайда саналмайды. Бұл өнімдерді бөліп алу мен өндіру де қосымша жабдықты, энергияны және шығынды қажет етеді.
Зауыттарды жаңғыртуға қаржы қажет
Өмірсерік Байкенженов металлургиялық зауыттарды ондаған жыл бойы тек ағымдағы жөндеудің есебінен пайдалану мүмкін емес екенін атап өтті. Кәсіпорындарға жабдықтарды жаңарту, өндірісті автоматтандыру, экологиялық жобаларды іске асыру және жаңа қуаттар салу үшін тұрақты инвестиция керек.
Сондықтан өңдеу құнын есептеу кезінде инвестициялық шығындарды ескеру қисынды. Бірақ мұндай тетік ашық әрі тексерілетін талаптарға негізделуге тиіс.
"Инвестиция нақты кәсіпорын мен нақты жобаға қатысты болуы керек. Жұмсалған қаражат құжаттармен расталып, оның қайтарылатын мерзімі анық көрсетілуге тиіс. Осындай талаптар ғана инвестициялық тетікті кәсіпорынның тиімсіз жұмысын өтеу құралынан ажыратады", – дейді ол.
Кен өндірушілердің мүддесі де ескерілуге тиіс
Профессор кен өндіруші компаниялардың концентратты өңдеу құнын азайтып, өнімін тиімді нарыққа сату мүддесі барын да жоққа шығармайды. Сондықтан ішкі тариф барлық нарық қатысушысына түсінікті және экономикалық жағынан негізделген болуы керек.
Оның айтуынша, тариф қолмен белгіленбей, тексерілген шығындар, нақты инвестициялық бөлік және барлық жеткізушіге ортақ қағидалар негізінде есептелуге тиіс. Бұл талаптар өзара байланысты компанияларға да, тәуелсіз жеткізушілерге де бірдей қолданылуы қажет.
Сонымен бірге өңдеу саласының экономикасын да ескеру маңызды. Егер отандық зауыттардың табысы әлемдік өңдеу ақысының күнделікті құбылуына толық тәуелді болса, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғырту мен жаңа өндіріс орындарын салу инвесторлар үшін тиімсіз болып қалуы мүмкін.
"Мемлекеттің міндеті – бір тарапты екіншісінің есебінен қолдау емес. Кен өндіру мен өңдеу саласының қатар дамуына мүмкіндік беретін болжамды ереже қалыптастыру", – деді профессор.
Шикізаттық артықшылық өнеркәсіптік мүмкіндікке айналуы керек
Байкенженовтің пікірінше, жер қойнауының халыққа тиесілі болуы мемлекеттің шикізат экспортына міндетті түрде тыйым салуын білдірмейді. Бұл қағиданың экономикалық мәні әлдеқайда кең: табиғи ресурстар ел үшін ұзақмерзімді құндылық қалыптастыруы қажет.
Оған шикізат өндіруден түсетін табыспен қатар, өңдеу қуаттары, инвестиция, жаңа жұмыс орындары, инженерлік біліктілік және өндірістің келесі сатыларын дамыту мүмкіндігі кіреді.
"Мәселе бүгінгі пайданы нарық қатысушылары арасында қайта бөлу туралы емес. Мәселе – Қазақстан келешек ұрпаққа қандай өнеркәсіп қалдырады деген сауалда. Әдістеме еліміздің табиғи артықшылығын ұзақмерзімді өнеркәсіптік басымдыққа айналдыруға мүмкіндік береді", – деп қорытындылады Өмірсерік Байкенженов.