Кеше Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет және өнер саласының өкілдерін мемлекеттік наградалармен марапаттады. Марапат алғандардың қатарында Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова да болды, деп хабарлайды ult.kz.
Өнер иесіне II дәрежелі «Барыс» ордені табысталды. Мемлекет басшысы бұл марапаттардың ұлттық мәдениетті дамытуға және халықтың рухани дүниетанымын байытуға үлес қосқан азаматтарға беріліп отырғанын атап өтті.
Көпшіліктің назарын аударған сәттердің бірі – марапаттау рәсімінен кейін түсірілген видео болды. Ақдариға Мұқадас жариялаған кадрларда әншінің Президентке өз әндері жазылған үнтаспаны ұсынып жатқаны көрінеді.
– Аға, мынаны сізге бере салуға бола ма? – дейді әнші.
– Болады, болады, рақмет сізге, – деп жауап берген Президент.
Ақдариға Мұқадастың айтуынша, бұл Мақпал Жүнісованың Ақордаға алғаш келуі болған. Сонымен қатар әнші араға 25 жыл салып мемлекет тарапынан алғаш рет марапат алғанын айтып, ерекше толқынысын жасырмаған.
Өнер иесі Президентке әндері жазылған үнтаспасын сыйлап, өткен жылдардың естелігіндей ықыласын білдірген.