Президент Қазақстан мен Қытайға ортақ «Made in China and Kazakhstan» бағдарламасын ұсынды

Президент Қазақстан мен Қытайға ортақ «Made in China and Kazakhstan» бағдарламасын ұсынды
Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан – Қытай» инвестициялық форумында екі ел арасындағы өнеркәсіптік және технологиялық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге бағытталған бірқатар бастаманы ұсынды, деп хабарлайды ult.kz.

Мемлекет басшысы өнеркәсіп саласындағы ықпалдастықты нығайтудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстан мен Қытай арасында жалпы құны 62 млрд доллардан асатын 260 бірлескен ірі жоба жүзеге асырылып жатыр.

Тоқаев Алматыдағы автокөлік кластерін, Қарағанды облысындағы кремний өндірісін, сондай-ақ металлургия, мұнай-газ химиясы және энергия жинақтау салаларындағы жобаларды мысалға келтірді.

Сонымен қатар Ақтөбе облысында қытайлық Jinyi Holding Group компаниясымен бірлесіп индустриялық аймақ құрылып жатқаны айтылды. Агроөнеркәсіп саласында Lihua, Fufeng және Dalian Hesheng Holdings компаниялары мақта-мата кластерін дамыту, жүгері мен бидайды терең өңдеу жобаларын жүзеге асырып жатыр.

Президент жекелеген инвестициялық жобалардан бөлек, толыққанды өндірістік экожүйе қалыптастыру қажет екенін айтты.

«Осы орайда “Common History Destiny. Designed and Made in Both China And Kazakhstan” деп аталатын қазақ-қытай бағдарламасын іске қосуды ұсынамын. Үкімет қытайлық серіктестермен бірге келешегі зор жобалардың тізімін әзірлеп, оның бәрін жүзеге асыруға жедел кірісуі керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстанда қазақ-қытай жасанды интеллект мектебі ашылуы мүмкін

Мемлекет басшысы цифрландыру саласындағы ынтымақтастыққа да тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстан технология трансферіне, бірлескен инженерлік және зерттеу орталықтарын құруға мүдделі.

Тоқаев елде жаңа формация мамандарын даярлауға ерекше көңіл бөлінетінін айтып, Астанада тұңғыш қазақ-қытай жасанды интеллект мектебін ашу жоспарын жариялады.

Президент Alatau City жобасын да Қазақстан мен Қытай арасындағы технологиялық серіктестіктің мысалы ретінде атады. Жоба Қытай, Орталық Азия және Еуропа арасындағы іскерлік байланыстарды дамытуға бағытталған.

Қазақстан-қытай инвестициялық диалогы жыл сайын өткізіледі

Қасым-Жомарт Тоқаев инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін тиімді қаржылық инфрақұрылым қажет екенін атап өтті.

Президент қыркүйек айының басында «Самұрық-Қазына» қоры Қытайдың банкаралық нарығына шығып, жалпы сомасы 3 млрд юаньнан асатын панда-облигациялар шығарғанын айтты.

Сонымен қатар Kazakh Invest ұлттық компаниясы жанынан қазақ-қытай инвестициялық қорын құру туралы келісімге қол қойылған.

Тоқаев «Қазақстан – Қытай» инвестициялық форумын тұрақты алаңға айналдыруды ұсынды.

«Осы форумды “Қазақстан-Қытай” Алматы инвестициялық диалогы деген атаумен жыл сайын қыркүйек айында өткізуді ұсынамын», – деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстан Қытаймен достық және стратегиялық серіктестік байланыстарын одан әрі нығайтуға мүдделі екенін атап өтті.

«Қазақстан мен Қытай – екі дос, көршілес ел болып, әрбір істі ойдағыдай жүзеге асырады деп сенемін», – деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, Тоқаев Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымын $100 млрд-қа жеткізу жоспарын айтты.