Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев белгілі актер әрі режиссер, Қазақстанның халық артисі Досхан Жолжақсыновты 75 жасқа толған мерейтойымен құттықтады, деп хабарлайды ult.kz.
Мемлекет басшысының құттықтауын өнер иесіне Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды жеткізді.
Президент құттықтау хатында Досхан Жолжақсыновтың қазақ өнерін дамытуға сіңірген еңбегін ерекше атап өтіп, оның ұлттық мәдениет пен руханиятқа қосқан үлесіне жоғары баға берді.
“Сіз салиқалы ғұмырыңызды ұлт руханиятын ұлықтауға арнап, үздіксіз шығармашылық ізденістеріңіз арқылы зор жетістікке қол жеткіздіңіз. Дәстүр сабақтастығын сақтап, ізбасар шәкірттеріңізді тәрбиелеп келесіз”, – делінген Президент құттықтауында.
Досхан Жолжақсынов саналы ғұмырын театр мен кино өнеріне арнап, шығармашылық жолында ондаған есте қаларлық образды сомдаған. Ол актерлік шеберлігімен көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп қана қоймай, режиссер ретінде де отандық кинематографияның дамуына елеулі үлес қосты.
Айта кетейік, Талғат Жорабаевтың басы дауға қалды.
Досхан Жолжақсынов кім?
Досхан Қалиұлы Жолжақсынов – Қазақстанның халық әртісі, белгілі театр және кино актері, режиссер, сценарист әрі әнші. Ол 1951 жылы 7 қазанда Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданында дүниеге келген. 2026 жылы өнер иесі 75 жасқа толды.
1973 жылы Алматы мемлекеттік өнер институтын тәмамдаған. Шығармашылық жолын Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында бастап, кейін осы өнер ордасының директоры әрі көркемдік жетекшісі қызметін атқарған. Театр сахнасы мен кинода 200-ден астам образ сомдаған.
Досхан Жолжақсынов “Гауһартас”, “Даладағы қуғын”, “Алтын күз”, “Омпа”, “Көшпенділер” және басқа да танымал фильмдерге түскен. Әсіресе “Біржан сал” және “Құнанбай” тарихи фильмдері арқылы кеңінен танылды. Аталған екі туындының режиссері болып, басты кейіпкерлерді өзі сомдады.
Өнердегі еңбегі үшін Қазақстанның халық әртісі атағына ие болып, Мемлекеттік сыйлықпен марапатталған. 2021 жылы 70 жасқа толуына орай “Отан” орденін алды.
Досхан Жолжақсынов актерлік және режиссерлік қызметімен қатар қазақтың халық әндерін орындаушы ретінде де танылған. Ол ұлттық театр мен кино өнерінің дамуына елеулі үлес қосқан өнер қайраткерлерінің бірі.