90-жылдары ел арасында кеңінен танылған “Сағыныш сазы” әнінің авторлығына қатысты дау туды. Сазгер Біржан Асқаров көпшілікке белгілі туындыны өзі жазғанын мәлімдеп, әнді орындап танылған Талғат Жорабаевқа ренішін білдірді, деп хабарлайды ult.kz.
“Менің өмірім” бағдарламасында сазгер Біржан Асқаров осыдан 36 жыл бұрын дүниеге келген әннің шығу тарихын баяндады. Оның айтуынша, “Сағыныш сазының” сөзі мен әуенін 15 жасында жазған. Алайда туындыға қатысты авторлық құқығын тек былтыр ғана рәсімдеген.
Сазгердің сөзінше, ән 1990 жылы қазіргі Түркістан облысының Отырар ауданында оқып жүрген кезінде дүниеге келген.
“Бұл әнді жазғаныма 36 жылға кетіп бара жатыр. Қазіргі Түркістан облысы Отырар ауданында училищеде бірінші курсқа барған кезімде жазғанмын. Хабиби Жиенов деген жігіт екеуіміз бір ән жазайық деп. Бұл әннің алдында да бір ән жазғам”, – дейді Біржан Асқаров.
Ол көпшіліктің жүрегінен орын алған туындының жазылуына жасөспірім кездегі жауапсыз махаббаты себеп болғанын жеткізді.
“Бұл ән Гүлжазира деген қызға арналған ән еді. Өзіммен курстас, бухгалтерлік бөлімде оқыған қыз. Ал Хабиби дейтін жігіт те бір қызға ғашық болды, әннің екінші куплетін сол жазған. “Сағыныш сазы” болып, халықтың аузында солай аталып кетті. Содан құлақтан-құлаққа, ауыздан-ауызға тарап, бұл ән осылай кетті”, – деп еске алды сазгер.
Біржан Асқаровтың айтуынша, ол кезде әнді кәсіби орындаушыларға арнайы ұсынбаған. Туындыны өзі ауыл арасында, түрлі басқосуларда орындап жүрген. Кейін ән ел ішінде кеңінен таралып, көпшіліктің сүйікті шығармаларының біріне айналған.
Уақыт өте келе “Сағыныш сазы” әнші Талғат Жорабаевтың орындауында үлкен сахналарда шырқалды. Алайда арада жылдар өткен соң Біржан Асқаров туындының авторы екенін ашық айтып, әншіге өкпесі барын жеткізді.
Айта кетейік, Алтынай Жорабаева қызының тойын дүркіретіп өткізді.
Талғат Жорабаев кім?
Талғат Жорабаев – қазақстандық эстрада әншісі, танымал өнер иесі Алтынай Жорабаеваның туған інісі. Ол көпшілікке лирикалық және той-эстрада бағытындағы әндерімен танылған. Әсіресе “Сағыныш сазы”, “Туған ел”, “Сағындым сені” шығармалары арқылы тыңдарман ықыласына бөленген.
Әнші шығармашылық жолында жеке әндер жаздырып, бейнебаяндар түсірген. Сонымен қатар актерлік қырынан да танылып, “Ханталапай” фильміне түскен. Өнер иесі сұхбаттарында қарапайым отбасында тәрбиеленгенін, үйдің кенжесі болғанын және бала кезінен еңбекке араласқанын айтқан.