Freedom Inside '26

Полицейдің өлімі: Марқұмның екі ұлы бірдей күдікті атанды

Полицейдің өлімі: Марқұмның екі ұлы бірдей күдікті атанды
Фото: Stan.kz

Алматы облысында өртенген күйі табылған полиция қызметкерінің өліміне қатысты тың мәліметтер жария болды, деп хабарлайды ult.kz Stan.kz сайтына сілтеме жасап. 

Марқұмның жұбайы да бұған дейін полиция саласында қызмет атқарған, алайда ол биыл ақпан айында жұмыстан кеткен. Жақындарының айтуынша, майор Аслан Әлсеров отбасында жиі жанжал шығарып, әйеліне бірнеше рет қол көтерген. Әйелі бұған дейін бірнеше мәрте Бостандық аудандық полиция басқармасына барып, денесіндегі жарақат іздерін көрсеткенімен, мәселе бойынша нақты шара қолданылмаған.

Тергеу мәліметінше, қайғылы оқиға болған күні полиция қызметкері үйіне кеш оралған. Отбасында ұстара жүзіне байланысты жанжал туындап, арты төбелеске ұласқан. Осы кезде үйге ерлі-зайыптылардың 15 жастағы екі ұлы мен олардың 14 жастағы досы кірген. Тергеу нұсқасына сәйкес, жасөспірімдердің бірі әкесінің басынан қатты затпен соққы жасаған.

Одан кейін ес-түссіз жатқан ер адамды киіммен байлап қойған. Күдіктілер мәйітті түн ішінде көпқабатты үй маңындағы көлікке шығарып, көрпеге немесе жаймаға орап алып кеткен. Кейін көлік Алматы облысы Кеген ауданындағы ауылдардың бірі арқылы өтіп, Көкпек – Көктал – Кеген тас жолынан тауға қарай шамамен жарты шақырым жерге барған. Сол жерде мәйіт өртелген деген болжам бар.

Қазіргі таңда марқұмның жұбайы, екі ұлы және олардың досы күдікті ретінде қамауға алынған. Оқиғаның барлық мән-жайын құқық қорғау органдары анықтап жатыр.