Осыдан екі жыл бұрын Аслан мен Арайлым Әлсеровтер көпшілікке үлгілі полиция отбасы ретінде таныстырылған болатын. Ерлі-зайыпты «Қайырлы таң, Қазақстан» бағдарламасына жеті баласымен қатысып, қызмет жолы мен отбасылық құндылықтары туралы әңгімелескен еді, деп хабарлайды ult.kz.
Сұхбат барысында Аслан Әлсеров ішкі істер органдарындағы еңбек жолын 2008 жылы Алматы қаласының патрульдік полициясында бастағанын, ал болашақ жары Арайлыммен сол қызметте танысқанын айтқан. Әріптестік уақыт өте келе отбасылық өмірге ұласқан.
Бағдарламада Арайлым Әлсерова жолдасын таңдауда сыртқы келбеттен бұрын адамгершілік қасиеттеріне мән бергенін айтып, оның сабырлы, салмақты әрі батыл мінезі өзіне ерекше әсер еткенін жеткізген.
Әлсеровтер отбасы құқық қорғау саласындағы қызметімен ғана емес, спорттағы жетістіктерімен де танылған. Аслан Әлсеров грек-рим күресімен айналысса, жұбайы джиу-джитсудан Қазақстанның алты дүркін чемпионы атанған. Балалары да дзюдо, самбо және джиу-джитсудан түрлі халықаралық жарыстарда жүлде иеленіп жүр.
Сол кездегі сұхбатта үлкен қыздары Еркежан Қалиақпарова әкесін талапшыл әрі әділ, ал анасын мейірімді әрі қамқор жан ретінде сипаттаған болатын.
Айта кетейік, қоғамда үлкен резонанс тудырған аға жедел уәкіл Аслан Әлсеровтің қазасына қатысты тергеу амалдары әлі жалғасып жатыр.