Пойызда көз жұмған жолаушыға қатысты қылмыстық іс қозғалды

Пойызда көз жұмған жолаушыға қатысты қылмыстық іс қозғалды
ҚТЖ

Атырау – Ақтөбе бағытындағы жолаушылар пойызында жолаушының қайтыс болуына байланысты «Жолаушылар тасымалы» АҚ ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды ult.kz.

Компанияның мәліметінше, қайғылы оқиға 13 шілде күні №691/692 Атырау – Ақтөбе бағытындағы пойыздың Қандыағаш – Ақтөбе учаскесінде болған.

Пойыз бастығының рапортына сәйкес, көз жұмған азамат пойызға жол жүру билетінсіз отырған. Оны вагондардың бірінің жолсерігі мінгізген. Жол үстінде жолаушының жағдайы күрт нашарлап, ол қайтыс болған. Компанияның алдын ала дерегіне сәйкес, өлімге гипертониялық криз себеп болуы мүмкін.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ жолаушы отырған вагонда ауа баптау жүйесі штаттық режимде жұмыс істегенін, температуралық режимнің қалыпты болғанын мәлімдеді. Аталған вагон 2023 жылы шығарылған.

Пойыз Ақтөбе станциясына жеткеннен кейін марқұмның мәйіті уәкілетті органдарға тапсырылды.

Оқиғадан кейін «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның «Батыс» филиалында қызметтік тергеу жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша екі жолсерік пен пойыз бастығы жұмыстан босатылды. Сонымен қатар Ақтөбе телімінің бастығы мен өндірістік оқыту жөніндегі нұсқаушыға қатаң сөгіс жарияланды.

Компания мәліметінше, «Батыс» филиалының басшылық құрамына қатысты да еңбек шартын бұзуға дейінгі қатаң тәртіптік шаралар қабылданады.

Ал Көліктегі полиция департаменті аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғағанын хабарлады. Ведомствоның алдын ала мәліметіне сәйкес, марқұмға қойылған бастапқы диагноз – екі жақты пневмония. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.