Петропавлда 25 жыл түрмеде отырып шыққан ер адам әйелге шабуыл жасады

Петропавлда 25 жыл түрмеде отырып шыққан ер адам әйелге шабуыл жасады
istockphoto.com

Петропавлда бұрын аса ауыр қылмыстар үшін сотталған ер адам 54 жастағы әйелге шабуыл жасап, оған қатысты жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасауға әрекеттенген, деп хабарлайды ult.kz.

Оқиға күндіз Жұмысшы кентінде болған. Белгісіз ер адам әйелге шабуыл жасағанымен, жәбірленуші қарсылық көрсетіп, оның қолынан босап шығып, көшеде өтіп бара жатқан адамдардан көмек сұраған.

Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жедел іздестіру шаралары барысында күдікті ізін суытпай ұсталды. Ол – Петропавл қаласының 62 жастағы тұрғыны. Қазіргі уақытта уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Полицияның хабарлауынша, қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тергеу облыстық полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында. Тергеу мүддесіне байланысты өзге мәлімет жарияланбайды.

Белгілі болғандай, күдікті бұған дейін қарақшылық, адам өлтіремін деп қорқыту арқылы ерекше қатыгездікпен зорлау және кәмелетке толмаған балаға қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері сияқты аса ауыр қылмыстары үшін сотталған. Солтүстік Қазақстан облыстық сотының 1999 жылғы 28 желтоқсандағы үкімімен ол 25 жылға бас бостандығынан айырылған.

Ер адам жазасын толық өтеп, 2024 жылғы 12 қаңтарда №51 мекемесінен босатылған. Кейін Айыртау аудандық сотының 2023 жылғы 27 қарашадағы қаулысымен оған соттылығы жойылғанға дейін сегіз жыл мерзімге әкімшілік қадағалау белгіленген.

Полиция қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатқанын атап өтті. Сондай-ақ күдіктінің кінәсі сотта дәлелденгенге дейін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ол кінәсіз деп есептелетінін ескертті.