Петропавлда 160 грамм «спайспен» ұсталған екі күдікті қамауға алынды

Петропавлда 160 грамм «спайспен» ұсталған екі күдікті қамауға алынды
polisia.kz

Петропавл қаласында синтетикалық есірткі таратумен айналысты деген күдікпен 25 жастағы ер адам мен 18 жастағы бойжеткен ұсталды, деп хабарлайды ult.kz.

Polisia.kz мәліметінше, күдіктілер интернет арқылы жұмыс істейтін есірткі дүкенінің тапсырмаларын орындап келген. Ұстау кезінде олар полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбай, қарсылық көрсеткен.

Күдікті жігіт қашып құтылмақ болып, азық-түлік дүкеніне кірген. Сол жерде тәртіп бұзып, ішінде ұнтақ тәрізді зат болған ораманы лақтырып жіберуге әрекеттенген. Сараптама қорытындысына сәйкес, ұсталған сәтте ол есірткілік масаң күйде болған.

Ал 18 жастағы бойжеткеннің алкоголь мен психикаға күшті әсер ететін заттарды қолдануына байланысты психикалық денсаулық орталығында есепте тұрғаны анықталды.

Жедел-іздестіру шаралары барысында полицейлер жалпы салмағы шамамен 160 грамм болатын «спайс» психотроптық заты сақталған 11 жасырын қойманы тауып, тәркіледі.

Қазіргі таңда екі күдікті қамауға алынды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.

Полиция өкілдері есірткі бизнесіндегі «оңай табыс» туралы ұсыныстардың соңы қылмыстық жауапкершілікке ұласатынын ескертті.

Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында құқық қорғау органдары есірткі жеткізудің 15 арнасын анықтап, олардың қызметін тоқтатқан.