Петропавл қаласында полиция қызметкерлері заңсыз сақталған темекі өнімдері мен спирт иісі бар сұйықтықтың ірі партиясын анықтап, тәркіледі, деп хабарлайды ult.kz.
Polisia.kz мәліметінше, тексеру барысында қала орталығындағы сауда үйлерінің бірінде орналасқан қоймадан акциздік таңбасы жоқ 15 мыңға жуық қорап темекі табылған. Сондай-ақ жалпы көлемі 180 литрді құрайтын спирт иісі бар сұйықтық құйылған 36 бес литрлік ыдыс тәркіленді.
Полиция мәліметінше, қойманы 54 жастағы Петропавл тұрғыны жалға алған. Заңсыз сақталған өнімдердің барлығы тәркіленіп, жиналған материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін уәкілетті мемлекеттік органға жолданды.
Ведомствоның дерегіне сәйкес, жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында қоғамдық орындарда мас күйінде жүргені немесе алкоголь ішкені үшін 7018 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Сонымен қатар алкоголь өнімдерін өткізу қағидаларын бұзғаны үшін 152, алкогольді заңсыз өткізгені үшін 166, ал этил спиртінің айналымы саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін 4 адам жауапқа тартылды.
Осы кезеңде заңсыз айналымнан 7600 литрден астам алкоголь өнімі тәркіленген.
Полицияның мәліметінше, «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында темекі және алкоголь өнімдерінің заңсыз айналымын анықтау және оның жолын кесу бойынша жұмыстар жалғасып жатыр.