Петропавлда полиция синтетикалық есірткінің ірі партиясын тәркіледі, деп хабарлайды ult.kz.
Polisia.kz мәліметінше, есірткі өткізді деген күдікпен Жамбыл облысының 42 жастағы тұрғыны ұсталды. Ол тәулікке жалға алған Chevrolet Cobalt көлігімен Петропавлға кірмек болған кезде Оңтүстік бақылау-өткізу бекетінде тоқтатылған.
Тексеру барысында көліктің салонынан алдын ала өлшеніп, оралған психотроптық зат салынған пакеттер табылды. Сараптама нәтижесінде тәркіленген заттың жалпы салмағы 120 грамм α-PvP синтетикалық есірткісі екені анықталды.
Күдікті аса ірі мөлшерде есірткі өткізді деген күдікпен ұсталып, қазір қамауда отыр. Медициналық куәландыру кезінде оның каннабиноидтар қолданғаны анықталған.
Бұл қылмыс бойынша 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Полиция мәліметінше, жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында Петропавлға есірткі жеткізудің 26 арнасының жолы кесілген.