Пәтерде жасырын зертхана ұйымдастырғандар ұсталды

Пәтерде жасырын зертхана ұйымдастырғандар ұсталды
Polisia.kz

Тұрғын үйдегі пәтерлерді есірткі өндіретін орынға айналдырған күдіктілер анықталды. Заңсыз айналымнан тәркіленген есірткі заттарының жалпы салмағы 20 келіге жуық болған, деп хабарлайды ult.kz.

Жыл басынан бері қала аумағында тұрғын үйлерде ұйымдастырылған төрт заңсыз фитозертхананың жұмысы тоқтатылған. Тергеу барысында күдіктілер пәтерлер мен жеке бөлмелерді арнайы жабдықтап, құрамында есірткі заты бар өсімдіктерді өсіргені анықталды.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, күдіктілер өсімдіктердің өсуіне қолайлы жағдай жасау үшін арнайы техникалық құрылғылар пайдаланған. Зертханаларда жарықтандыру, желдету және ылғалдылықты реттеу жүйелері орнатылған.

Кейбір жағдайда заңсыз әрекет үшін жеке пәтерлер, қайта жабдықталған бөлмелер, шкафтар мен оқшауланған орындар қолданылған.

«Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер заңсыз әрекетке қатысы бар күдіктілерді анықтап, ұстады. Тінту кезінде құрамында есірткі заттары бар өсімдіктер, дайын есірткі құралдары және оларды өсіруге арналған арнайы жабдықтар тәркіленді», – деп хабарлады полиция.

Аталған фактілер бойынша қылмыстық істер қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Полиция есірткі заттарын заңсыз өсіру, дайындау, сақтау және өткізу Қазақстан заңнамасына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертті.