Танымал блогер Aeka Posh-тың жаңа косметикалық қылқаламдар бренді ұйымдастырған пәтер ұтысы әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен еді. Дауға ұтыс сертификатының түпнұсқалығына қатысты күмән себеп болған, деп хабарлайды ult.kz.
Әлеуметтік желі қолданушыларының бірі өнім қорабынан пәтер ұтып алғанын растайтын сертификат тапқанын мәлімдеген. Алайда көп ұзамай құжатта мөрдің жоқ екені айтылып, оның шынайылығына қатысты сұрақтар туындаған. Бұл жағдай желіде кеңінен тарап, қызу пікірталасқа ұласты.
Кейін блогер жеңімпаз атанған қызбен жеке кездесіп, туындаған мәселені талқылаған. Тараптар ортақ келісімге келгені хабарланды.
Блогер өз кезегінде түсініспеушілік үшін кешірім сұрап, ауқымды ұтыс ойындарын өткізу кезінде түрлі қателіктер болуы мүмкін екенін мойындаған.
Нәтижесінде оқиға күтпеген шешіммен аяқталды. Пәтердің орнына жеңімпазға компания атынан жаңа автокөлік сыйға тартылатын болды.
Әлеуметтік желі қолданушылары бұл оқиғаны әлі де белсенді түрде талқылап жатыр. Кейбірі тараптардың мәмілеге келгенін қолдаса, енді бірі ұтыс ойынының қалай ұйымдастырылғанына қатысты сұрақтарын қоюды жалғастыруда.