Бас прокуратураның наразылығынан кейін кассациялық сот жемқорлық жолымен алынған 12 млн теңгені мемлекет кірісіне өндіру туралы шешім шығарды, деп хабарлайды ult.kz.
Ведомствоның мәліметінше, қылмыстық іс аясында «М» есімді азаматтың жекелеген адамдарға қамқорлық көрсеткені үшін бірнеше рет заңсыз сыйақы алғаны анықталған. Заңсыз алынған қаражаттың жалпы сомасы 12 млн теңгеге жеткен.
Сот азаматты бас бостандығынан айыруға үкім шығарғанымен, заңсыз табысты мемлекет кірісіне қайтару мәселесін шешпеген. Осы олқылыққа байланысты Бас прокуратура сот актісіне наразылық білдірді.
Наразылықты қараған Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот оны қанағаттандырып, сотталған азаматтан 12 млн теңгені мемлекет кірісіне өндіріп алу туралы шешім қабылдады.
Бас прокуратураның хабарлауынша, биыл сыбайлас жемқорлық қылмыстарына қатысты енгізілген жеті наразылық қанағаттандырылған. Нәтижесінде заңсыз жолмен алынған жалпы сомасы 50 млн теңге мемлекет кірісіне қайтарылды.
Айта кетейік, бұған дейін прокурордың кассациялық наразылығынан кейін онлайн-казино ұйымдастырған азаматтан да заңсыз алынған 9,9 млн теңге мемлекет кірісіне өндірілген болатын.