Қостанай облысының Қарасу ауданында әйелін өлтірген 26 жастағы жігітке қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкім шығарды. Сот оны 11 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды ult.kz.
Қылмыс 1 ақпанда болған. Әйелі күйеуіне одан кететінін және енді оның маскүнемдігі мен қорлығына шыдамайтынын айтқан. Осыдан кейін ер адам оған шабуыл жасап, өлтірген. Кейін мәйітті үй ауласындағы шаруашылық құрылыстарының біріне жасырып қойған.
Келесі екі ай бойы ол марқұмның туыстарына әйелінің қайда екенін білмейтінін, оның қалаға кетіп, жұмысқа орналасқанын айтып келген. Тіпті әйелі жұмыс істеп жүр деген кеңсеге Қостанай қаласына екі рет барып, іздеу жұмыстарына қажет деп марқұмның ағасынан 300 мың теңге алған.
Әйелдің әкесі қызының жоғалып кеткені туралы полицияға арыз жазғаннан кейін шындық белгілі болды. Сол кезде ер адам мәйітті жасырған жерін көрсеткен.
Сот отырысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындады. Бұл жаза тағайындау кезінде жеңілдететін мән-жай ретінде ескерілді.
Іске төрағалық еткен судьяның түсіндіруінше, дәл осы себепті оған қасақана адам өлтіргені үшін көзделген ең жоғарғы жаза — 15 жыл бас бостандығынан айыру тағайындалмаған. Бұған дейін сотталмағандықтан, ол жазасын ең жоғары емес, орташа қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді.
Сот жәбірленуші тараптың азаматтық талабын ішінара қанағаттандырып, сотталған азаматты 10 млн теңге көлемінде моральдық өтемақы және 167 мың теңге материалдық шығын өтеуге міндеттеді. Сондай-ақ талаптың орындалуын қамтамасыз ету мақсатында сотталғанның үйіне салынған тыйым күшінде қалдырылды.
Марқұмның туыстары сот үкімін тым жеңіл деп бағалады. Үкім заңды күшіне енген жоқ және оған апелляциялық тәртіппен шағым жасауға болады.