Түркістан облысындағы ортағасырлық Отырар қалашығында археологтар Алтын Орда дәуіріне жататын ең көне мешіттің орнын анықтады, деп хабарлайды ult.kz.
XIII ғасырдың екінші жартысы мен XIV ғасырға тиесілі нысан бүгінге дейін Отырардан табылған ең ерте кезеңдегі мешіт саналады. Сонымен қатар қазба барысында қала тарихында алғаш рет тас төселген көше де ашылды.
Зерттеу ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қаржыландыруымен жүзеге асырылып жатқан «Қазақстанға ислам дінінің енуін және таралуын археологиялық және жазба деректер негізінде зерттеу» ғылыми жобасы аясында жүргізілуде. Археологиялық экспедицияны тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұхтар Қожа басқарады.
Биылғы далалық маусымда Отырардың шахристан бөлігінде жүргізілген қазба жұмыстары кезінде бес құрылыс кезеңіне жататын мәдени қабаттар анықталған. Жоғарғы қабаттардан тұрғын үйлер, шаруашылық бөлмелері, құмыра күйдіретін пештер мен қыш төселген көшелер табылса, ең төменгі қабаттан Алтын Орда кезеңіне жататын мешіттің қабырғалары және оған апаратын тас көше ашылған.
Профессор Мұхтар Қожаның айтуынша, ғимараттың мешіт екенін бірнеше белгі дәлелдейді. Атап айтқанда, қабырғалардың құбыла бағытына дәл сәйкестеніп салынуы, маңынан көптеген мұсылмандық жерлеу орындарының табылуы және ғимаратқа дейін арнайы әкелінген үлкен тастармен көше төселуі оның діни нысан болғанын көрсетеді.

Археологтар қазірге дейін мешіттің бір бөлігін ғана ашқан. Ғалымдардың болжамынша, қазіргі зерттелген аумақ мешіттің алдындағы аула болуы мүмкін, ал михрабы орналасқан негізгі бөлігі әлі жер астында жатыр.
Қазба барысында Отырар тарихы үшін ерекше маңызы бар бірқатар құнды жәдігерлер табылды. Олардың қатарында араб жазуы бар мөр-жүзік, сырлы панджара, күмбез ұшына орнатылатын қубба, сырлы сиясауыттың бөлшегі, сүйектен жасалған құралдар және түрлі кезеңдерге жататын күміс, мыс, сондай-ақ қытай теңгелері бар. Мамандардың айтуынша, бұл олжалар Отырардың Ұлы Жібек жолындағы ірі сауда орталықтарының бірі болғанын тағы бір мәрте дәлелдейді.
Бұған дейін, 2025 жылы осы экспедиция Отырардың рабад бөлігінен екі бөлмесінде де михрабы бар тұрғын үй кешенін анықтаған болатын. Радиокөміртекті талдау нәтижесінде оның VIII ғасырдың ортасына жататыны белгілі болды. Бұл Орталық Азиядағы тұрғын үй ішінен табылған алғашқы михрабтардың бірі ретінде бағаланған.
Ғалымдардың пікірінше, биылғы жаңалықтар Отырардың XIII ғасырдан кейін де қарқынды дамып, Алтын Орда дәуірінде қала мәдениетінің гүлденген орталықтарының бірі болғанын айқын көрсетеді. Сондай-ақ тас төселген көше мен көне мешіттің орны болашақта өңірдің тарихи-туристік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта табылған нысанды консервациялау жұмыстары жүргізілуде. Ал зерттеу нәтижелері 2026 жылғы 28–29 қыркүйекте Ұлыбританияның Кембридж қаласында өтетін халықаралық ғылыми конференцияда таныстырылады.