Өскеменде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы филиалы директорының бұрынғы екі орынбасары заңсыз алтын өндіруді ұйымдастырғаны үшін 4 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ult.kz.
А.А. Рахымжанов пен Д.М. Нұртазин Ұлан ауданындағы Шыбынды учаскесінде өздеріне бағынысты «EastGoldStone» ЖШС арқылы алтын өндірген. Компанияның алтын өндіруге емес, тек қатты пайдалы қазбаларды барлауға лицензиясы болған.
Заңсыз өндірілген алтын көлемі 15 келіден асып, құны 844 млн теңгеден жоғары болған. Тергеу кезінде 382 млн теңгенің 6,7 кг алтыны мен 579 грамм күмісі тәркіленді.
Заңсыз өндіріс салдарынан 18,2 гектар жер бүлініп, табиғатқа келтірілген залалды жоюға 300 млн теңгеден астам қаражат қажет болған.
Сот шешімімен 372 млн теңгенің мүлкі, оның ішінде ауыр техника мен қолма-қол ақша тәркіленді.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.