2026 жылғы 23 маусымда Алматы облысының Кеген ауданындағы таулы аумақтан 37 жастағы полиция қызметкерінің өртенген мәйіті табылды, деп хабарлайды ult.kz.
Оның жеке басы анықталып, Алматы қаласының Әуезов аудандық полиция басқармасындақызмет еткені расталды.
Тергеу нұсқасы бойынша, қылмыс Алматы қаласындағы пәтерде болған болуы мүмкін. Кейін мәйіт қылмыстың ізін жасыру мақсатында Кеген ауданына жеткізіліп, өртелген деген болжам қарастырылып жатыр. Бұл – тергеудің алдын ала нұсқасы.
Полиция қылмыстық іс қозғап, марқұмның жұбайы мен ұлын ұстағанын ресми хабарлады. Кейін бірқатар БАҚ тағы бір кәмелетке толмаған күдіктінің барын жазды. Тергеу жалғасуда, сондықтан барлық мән-жай сотта анықталады.
БАҚ мәліметінше, марқұм полиция органдарында 15 жылдан астам қызмет еткен және артында жеті баласы қалған.
Көршісінің айтуынша, отбасы тыныш өмір сүрген, көбіне жұмыста болған, ал көршілер балаларын анда-санда ғана балконнан көретінін айтқан. Көршілердің сөзінше, тергеушілер олардан «ешқандай дауыс немесе жанжал естідіңіздер ме?» деп сұраған, алайда ешкім мұндай жағдайды байқамағанын жеткізген.
Марқұм полиция қызметкері Аслан Әлсеровтің бұрынғы әріптесі оны кәсіби және талапшыл қызметкер ретінде сипаттаған. Оның айтуынша әріптестері Асланды есімімен емес, көбіне «Басар» немесе «Слепой» деп атайтын. Ол пәтер ұрлығы қылмыстарын ашуда өте тәжірибелі жедел уәкіл болған, қаладағы үздік қызметкерлердің бірі саналған.
Қызмет барысында бірнеше рет қылмыскерлердің шабуылына ұшыраған. Әріптесінің айтуынша, оған пышақ салынған, оқ атылған, сондай-ақ жақ сүйегі мен мұрны сынған жағдайлар болған. Соған қарамастан жұмысын жалғастырған.