Алматы облысы Кеген ауданының таулы аймағында денесі өртенген күйде табылған 37 жастағы аға жедел уәкіл Аслан Әлсеровтің өліміне қатысты тергеу жүріп жатқан тұста, марқұмның бұрынғы әріптесі отбасындағы жағдай мен қайғылы оқиғаның себептері туралы айтты, деп хабарлайды Ult.kz Stan.kz сайтына сілтеп.
Осыдан екі жыл бұрын Әлсеровтер отбасы «Қайырлы таң Қазақстан» бағдарламасына қатысып, көпшілікке полиция қызметкерлері арасындағы үлгілі жанұя ретінде таныстырылған болатын.
Ерлі-зайыпты телеарна эфирінде жеті баласымен бірге танысу тарихын, отбасы құндылықтарын және бала тәрбиесіндегі ұстанымдарын ашық бөліскен еді. Бағдарламада Аслан Әлсеров 2008 жылы Алматы қаласының патрульдік полиция қызметінен еңбек жолын бастағанын, ал болашақ жары Арайлыммен қызмет барысында танысып, екеуін осы сала табыстырғанын айтқан. Өз кезегінде жұбайы Арайлым Әлсерова Асланды батылдығы мен сабырлы мінезі үшін таңдағанын жеткізген.
«Маған бәрі бойы ұзын, сымбатты жігітті таңдадың дейтін, негізі өзі өте салмақты болатын, өзім де сондай мінезді адамдарды ұнатамын», – деді Арайлым Әлсерова сол эфир барысында.
Бағдарламада олардың спортты өмір салтына айналдырған отбасы екені де көрсетіліп, Аслан грек-рим күресімен айналысатынын айтса, Арайлым өзін джиу-джитсудан Қазақстанның алты дүркін чемпионы ретінде таныстырған. Ерлі-зайыпты жеті бала тәрбиелеп отырғанын айтып, ұлдарының джиу-джитсу, дзюдо және самбодан әлем чемпиондары екенін, ал қыздарының спорт пен шығармашылыққа жақын екенін мақтанышпен жеткізген болатын.
Бағдарламада сөз сөйлеген үлкен қыздары әкесін "кішкене қаталдау", ал анасын "өте сыпайы, бәрімізге жақсы қарайтын жан" деп сипаттаған.
Жұмыс барысында әріптестері Аслан Әлсеровті сабырлы, күйзелісті жағдайда өзін жоғалтпайтын білікті қызметкер деп сипаттаса, Арайлым Әлсерованы жас мамандарға бағыт-бағдар беретін тәжірибелі әріптес ретінде бағалаған. Алайда арада небәрі екі жыл өткенде сырт көзге үлгілі болып көрінген осы отбасының тағдыры күтпеген жерден қайғылы арнаға бұрылып, Алматы қаласы Әуезов аудандық полиция басқармасының аға жедел уәкілі Аслан Әлсеровтің күйіп кеткен мәйіті Алматы облысы Кеген ауданындағы таулы аймақтан табылды.
Тергеу нұсқасы бойынша қылмыс Алматы қаласында жасалған, ал күдікке марқұмның жұбайы, кәмелетке толмаған ұлы және тағы бірнеше адам ілінген. Кейін кәмелетке толмаған күдіктілерге үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды, ал қорғаушылар олардың ұзақ жылдар бойы отбасындағы жүйелі зорлық-зомбылықтың құрбаны болуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Осы резонансты іске қатысты Аслан Әлсеровтің бұрынғы әріптесі Жігер (аты өзгертілген) марқұмды қызметте қандай адам ретінде танығанын және тергеу барысына қатысты көзқарасын білдірді.
«Ең әуелі, оқиға туралы мәліметті көргенде, өлтірілген адамның Аслан екенін бірден түсінбедім, өйткені біз оны ешқашан атымен атай бермейтінбіз. Қаладағы әріптестер арасында оны көбіне Басар немесе Слепой деп атайтынбыз, өзі де өзін үнемі Слепоймын деп таныстыратын, неге дәл солай аталғанын білмеймін, жай ғана солай қалыптасқан. Пәтер ұрлығы істерін ашуда ол нағыз кәсіби маман еді, қылмыскерлерді ұстауда өте мықты еді, қаладағы ең тәжірибелі жедел уәкілдердің бірі саналды, ұсталған күдіктілердің саны да көп еді. Оған бірнеше рет қастандық жасалды, пышақтаған, оқ атқан, жақ сүйегін сындырған, мұрнын сындырған жағдайлар болған», – деді Аслан Әлсеровтің бұрынғы әріптесі.
Бұрынғы әріптесі марқұмды қызметіне жауапкершілікпен қарайтын, тәртіпті әрі спортты өмір салтына айналдырған азамат ретінде сипаттады.
«Адам ретінде мен оны өте сабырлы, бірақ өзіне де, өзгелерге де өте талапшыл жан ретінде есте сақтаймын, оның өмірінде спорт әрдайым бірінші орында тұрды. Өзі де спортпен шұғылданатын, ал балаларын да спортқа баулыды, Instagram желісіндегі парақшаларынан байқағанымдай, балалары да спортшы. Үлкен ұлы джиу-джитсудан Азия чемпионы болған, екінші асырап алған баласы да спортпен айналысты, бойы ұзын, шамамен 187 сантиметр денелі, бұлшық еттері жақсы дамыған жігіт еді», – деді әріптесі Жігер.
Әріптесінің айтуынша, ол марқұмды ешқашан ашушаң немесе ақыл-есі тұрақсыз адам ретінде көрмеген, керісінше, оның діндар, сабырлы болғанын, бірақ балаларына өте талапшыл әке болғанын алға тартты.
«Көршілердің айтқаны жөнінде ештеңе білмеймін, бірақ оның балаларға өте талапшыл болғанын білемін, олардың күн тәртібі қатаң еді. Түске дейін мектепте болатын, түстен кейін сабақтарын оқитын, кейін жаттығуға кетіп, кешкі сағат 10 шамасында ғана үйге оралатын, олар күрес, дзюдо, джиу-джитсумен айналысты. Егер балалар жаттығуды жіберіп алса, ол әке ретінде соған қатты алаңдап, ашуланатын, оны озбыр, тиран әке болды деп айтуға бола ма, білмеймін. Бұл жаңалықты естігенде мен өзім де қатты таңғалдым, оны ақыл-есі тұрақсыз немесе ашушаң адам деп айта алмаймын. Біз бірге қызмет еткен кезде, керісінше, өте сабырлы болды, бес уақыт намазын оқитын, діндар, дұрыс адам еді», – деді бұрынғы әріптесі.