Алматы облысы Кеген ауданындағы таулы аумақтан денесі өртенген күйде табылған 37 жастағы полиция қызметкері Аслан Әлсеровтің өлімі қоғамда үлкен резонанс тудырды. Қазір қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр, деп хабарлайды ult.kz.
Белгілі болғандай, осыдан екі жыл бұрын Әлсеровтер отбасы «Қайырлы таң Қазақстан» бағдарламасына қатысып, жеті баланы тәрбиелеп отырған үлгілі полиция жанұясы ретінде көпшілікке таныстырылған еді. Ерлі-зайыпты эфирде танысу тарихын, отбасылық құндылықтарын және бала тәрбиесіне қатысты ұстанымдарын бөліскен болатын.
Бағдарлама барысында Аслан Әлсеров ішкі істер саласындағы еңбек жолын 2008 жылы Алматы қаласының патрульдік полициясында бастағанын, ал болашақ жары Арайлыммен қызмет кезінде танысқанын айтқан. Өз кезегінде жұбайы оны сабырлы әрі байсалды мінезі үшін таңдағанын жеткізген.
Отбасы спортты өмір салтына айналдырғанын да жасырмаған. Аслан грек-рим күресімен айналысса, Арайлым Әлсерова джиу-джитсудан Қазақстанның алты дүркін чемпионы екенін айтқан. Балаларының да түрлі спорт түрлерімен айналысып, халықаралық жарыстарда жетістікке жеткені сөз болған.
Алайда арада екі жыл өткен соң сырт көзге үлгілі көрінген отбасының тағдыры күтпеген бағытқа өзгерді. Тергеу мәліметінше, қылмыс Алматы қаласында жасалып, кейін мәйіт Алматы облысының Кеген ауданындағы таулы жерге жеткізілген болуы мүмкін. Іс бойынша марқұмның жұбайы, кәмелетке толмаған ұлы және тағы бірнеше адам күдікке ілінді. Кейін жасөспірім күдіктілерге үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Осы іске қатысты Аслан Әлсеровпен бірге қызмет еткен бұрынғы әріптесі (аты өзгертілген Жігер) оның кәсіби біліктілігі жоғары болғанын айтты. Оның сөзінше, әріптестері арасында марқұмды көбіне «Басар» немесе «Слепой» деп атаған.
«Ол пәтер ұрлығы бойынша істерді ашуда өте тәжірибелі маман еді. Қаладағы ең мықты жедел уәкілдердің бірі саналатын. Қызмет барысында бірнеше рет шабуылға ұшырап, пышақ жарақатын алған, оқ тиген, жақ сүйегі мен мұрны сынған жағдайлар да болған», – дейді бұрынғы әріптесі.
Сондай-ақ ол Аслан Әлсеровтің спортқа ерекше мән бергенін, өзін ғана емес, балаларын да осы бағытта тәрбиелегенін атап өтті. Айтуынша, оның үлкен ұлы джиу-джитсудан Азия чемпионы атанса, басқа балалары да спортпен белсенді айналысқан.
Қазір аталған қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр. Құқық қорғау органдары істің барлық мән-жайын анықтап жатыр.