Орман өрті: Бектеновтың тапсырмасымен министрлер Абай облысына шұғыл аттанды

Орман өрті: Бектеновтың тапсырмасымен министрлер Абай облысына шұғыл аттанды
Фото: freepik

Премьер-министр Олжас Бектенов төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов пен экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевқа Абай облысындағы «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты аумағында шыққан орман өртін сөндіру жұмыстарын үйлестіру үшін оқиға орнына шұғыл баруды тапсырды, деп хабарлайды ult.kz.

Үкімет басшысы өрттің жақын маңдағы елді мекендерге таралуына жол бермеуді, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және тілсіз жаудың одан әрі өршуінің алдын алу шараларын күшейтуді жүктеді.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы 16 шілде сағат 16:00-дегі жағдай бойынша өртті сөндіруге 400-ден астам адам, 100-ге жуық арнайы техника және авиация тартылған. Әуеден өрт ошақтарына 100 тоннадан астам су төгілген.

Қазіргі уақытта өртті оқшаулау және толық сөндіру жұмыстары тәулік бойы жалғасып жатыр. Жағдай Үкіметтің бақылауында. Мамандар өрттің таралуына ықпал етуі мүмкін ауа райы жағдайын да тұрақты бақылап отыр.

Тұрғындарға қауіпсіздік талаптарын сақтап, ресми ақпарат көздеріне ғана сену ұсынылды. Егер жағдай өзгерсе немесе эвакуация қажеттілігі туындаса, бұл туралы қосымша хабарланады.