Оралда шетелдік азамат есірткі заттарын таратқаны үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ult.kz.
Polisia.kz мәліметінше, Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында есірткі заттарын жасырын орындарға орналастырып жүрген 33 жастағы шетелдік азаматты ұстады.
Ер адамның жеке басын тінту барысында өзіне тән иісі бар ұнтақ тәрізді зат салынған 12 орама, сондай-ақ екі телефон тәркіленді. Сонымен қатар тексеру барысында осындай зат салынған тағы 13 орама анықталып, тәркіленді. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында ер адамның есірткі заттарын таратумен айналысатын интернет-дүкенде курьер болып жұмыс істегені анықталды.
Тиісті сараптаманың қорытындысына сәйкес тәркіленген зат синтетикалық есірткі болып шықты. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілді. Қылмыстық істі қарау нәтижесінде сот ер адамды кінәлі деп танып, 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.