Оңтүстік Корея президенті Ли Чжэ Мён Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа және Ұлттық қауіпсіздік комитетіне халықаралық қылмыстық топ мүшелерін ұстауға көрсеткен көмегі үшін алғыс білдірді, деп хабарлайды ult.kz.
Қазақстан аумағында Оңтүстік Корея азаматтары ұсталған. Олар ауқымды дауыстық фишинг ұйымдастырды деген күдікке ілінген. Күдіктілер бұған дейін Камбоджа мен Вьетнамда жасырынған. Олардың әрекетінен Оңтүстік Корея азаматтары зардап шеккен.
Күдіктілер ұсталғаннан кейін екі апта ішінде Оңтүстік Кореяға экстрадицияланған. Қазір қылмыстық істі Оңтүстік Корея полициясы тергеп жатыр.
Ли Чжэ Мённің айтуынша, күдіктілерді ұстаудан бастап экстрадициялауға дейінгі процестің қысқа мерзімде жүзеге асуына Қазақстан билігімен тығыз ынтымақтастық мүмкіндік берген.
«Президент Тоқаевқа және тиісті ведомстволарға терең ризашылығымды білдіремін», – деп жазды Оңтүстік Корея президенті X әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
Сонымен қатар Оңтүстік Корея басшысы алдағы «Корея – Орталық Азия» саммитінде Қасым-Жомарт Тоқаевпен жеке кездесуге үміт білдірді.
Ли Чжэ Мён Сеул әлемнің кез келген елінде азаматтардың қауіпсіздігіне қатер төндіретін ұйымдасқан қылмыстық топтарға қарсы күресті қатаң жалғастыратынын мәлімдеді.