Оңтүстік Африканы қалың қар басып, күн қатты суып кетті . Шығыс Кейп провинциясы, Квазулу-Натал және елдің басқа да өңірлері ақ ұлпаға оранды. Бұл туралы Оңтүстік Африканың EWN радиостанциясы хабарлады, деп жазады ult.kz.
Қолайсыз ауа райы әсіресе Квазулу-Натал провинциясына әсер етті. Кокстад, Андерберг, Сани асуының маңы және Ноттингем-Роуд елді мекендерінде қар жауды. Көктайғақ пен қар үйінділеріне байланысты бірнеше тасжолда көлік қозғалысына уақытша шектеу қойылды. Атап айтқанда, Кокстад маңындағы R617 тасжолы жабылды. Жүргізушілерге аса қажет болмаса жолға шықпауға, сондай-ақ қар көруге арнайы бармауға кеңес берілді.
Соған қарамастан, тұрғындардың бір бөлігі көптеген өңір үшін сирек кездесетін табиғи құбылысты қуана қабылдады. Әлеуметтік желіде адамдар қар басқан көшелер мен үйлердің суреттері мен видеоларын жариялап жатыр.

Видеодан скриншот
Оңтүстік Африканың метеорологиялық қызметі бұған дейін суық фронт пен төмен қысымды аймақ елге қар, нөсер жаңбыр, қатты жел және ауа температурасының күрт төмендеуін әкелетінін ескерткен.
Шығыс Кейп провинциясының жекелеген аудандарында қалың қар жауу қаупіне байланысты жоғары деңгейлі дауылды ескерту жарияланған.
Ал Қазақстанда биылғы жаз керісінше аптап ыстықпен өтіп жатыр. «Қазгидромет» мәліметінше, тамыз айында еліміздің бірқатар өңірінде ауа температурасы 40-44 градусқа дейін көтеріліп, кей жерлерде төтенше өрт қаупі сақталуда. 11 тамызда Қызылорда облысында 40-44 градус, Түркістан облысында 40-42 градус, Маңғыстау облысында 38-42 градус, Шымкентте 40 градусқа дейін қатты ыстық күтіледі.