Тегін томотерапия тоқтатылды: онкологиялық науқастар көмек сұрады

Тегін томотерапия тоқтатылды: онкологиялық науқастар көмек сұрады
netoncology.ru

Қазақстандағы онкологиялық науқастар Бас прокурор Берік Асыловқа үндеу жолдап, Денсаулық сақтау министрлігінің №103 бұйрығына наразылық білдірді. Пациенттердің айтуынша, аталған құжаттың салдарынан томотерапияны тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында алу мүмкіндігі тоқтатылған, деп хабарлайды ult.kz.

Өтініш авторларының сөзінше, өзгеріс тіпті ем қабылдап жүрген науқастарға да әсер еткен. Олар емді жалғастыру үшін қызмет ақысын өз қалтасынан төлеуге мәжбүр болған.

Пациенттердің мәліметінше, соңғы алты жыл бойы томотерапия мемлекет кепілдік берген тегін медициналық көмектің құрамында болған. Ал жаңа бұйрық күшіне енгеннен кейін бұл ем түрі көптеген науқас үшін қолжетімсіз болып қалған.

Томотерапия қатерлі ісіктің бірқатар түрін емдеуде қолданылады. Сондай-ақ сүйек кемігін трансплантациялау алдындағы дайындық кезеңінде кейбір пациенттер үшін бұл әдіс клиникалық тұрғыдан маңызды әрі баламасы жоқ ем ретінде қарастырылады.

Науқастар Бас прокурордан Денсаулық сақтау министрлігінің №103 бұйрығына наразылық келтіруді сұрап отыр. Олардың пікірінше, құжат азаматтардың денсаулық сақтау құқығын шектеп, онкологиялық науқастардың жағдайын ауырлатып, өмірлік маңызды емге қолжетімділігін төмендетеді.

Үндеу авторларының айтуынша, жаңа талаптардың салдары қазірдің өзінде байқалып отыр. Бірі ем ақысын төлеу үшін мүлкін сатса, енді бірі несие рәсімдеуге немесе қаражат жинауға мәжбүр. Кейбір науқастар қажетті емді шетелден, әсіресе Түркиядан іздеуге көшкен.

Айта кетейік, пациенттер сынға алған шешім қабылданған кезеңде Денсаулық сақтау министрлігінде вице-министр қызметін атқарған Ержан Амангелдиев қазір бұл лауазымда жұмыс істемейді. Алайда азаматтардың пікірінше, сол кезде қабылданған шешімдердің салдары әлі күнге дейін онкологиялық науқастарға кері әсерін тигізіп отыр.