«Оңай табысқа» қызыққан: Абай облысында дроппер әйелге сот үкімі шықты

«Оңай табысқа» қызыққан: Абай облысында дроппер әйелге сот үкімі шықты
ашық дереккөзден

Абай облысының Көкпекті ауданында банк шотын бөгде адамдардың пайдалануына берген 30 жастағы әйел сотталды. Ол шотын пайдаланғаны үшін 40 мың теңге сыйақы алған, деп хабарлайды ult.kz.

Polisia.kz мәліметінше, оқиға 1 наурызда басталған. Әйел Instagram желісінен банк шотын жалға беру арқылы ақша табуға болатындығы туралы хабарландыру көрген. Сілтеме арқылы Telegram-ға өтіп, белгісіз адаммен байланысқа шыққан.

Хат алмасу барысында оған әртүрлі адамдардан ақша қабылдау үшін өзінің банк шотын үшінші тұлғалардың пайдалануына беру ұсынылған. Ол үшін сыйақы төленетіні айтылған.

Әйел күмәнді ұсыныстан бас тарта алса да, оған келісіп, банк шотын бөгде адамдардың пайдалануына берген. 2-9 наурыз аралығында шотына әртүрлі адамдардан ақша аударылған. Ал шотын пайдалануға бергені үшін ол 40 мың теңге алған.

Сот әйелдің әрекетін банк шотына, төлем құралына немесе сәйкестендіру құралына қолжетімділікті заңсыз ұсыну, беру және алу, сондай-ақ төлемдер мен ақша аударымдарын заңсыз жүзеге асыруға қатысты қылмыстық құқық бұзушылық ретінде саралады.

Сот үкім шығарған кезде әйелдің кінәсін толық мойындағанын, жасаған ісіне шын жүректен өкінгенін және асырауында кәмелетке толмаған балалары барын ескерді.

Нәтижесінде оған айыппұл түрінде жаза тағайындалып, жәбірленушілерге мәжбүрлі төлем өндірілді.

Полиция азаматтарды әлеуметтік желілердегі «оңай табыс» туралы күмәнді ұсыныстарға сенбеуге шақырды. Банк шотын немесе төлем құралдарын бөгде адамдарға сыйақы үшін беру қылмыстық жауаптылыққа әкелуі мүмкін.