Қазақстан ІІМ бірнеше мемлекетті қамтыған арнайы операция барысында адамдарды жалған жұмыс ұсыныстары арқылы есірткі бизнесіне тартқан халықаралық қылмыстық желінің жолын кесті, деп хабарлайды ult.kz.
Бір жылдан астам уақытқа созылған операцияға Украина, Албания, Қазақстан құқық қорғау органдары, Интерпол және АҚШ-тың Есірткіге қарсы күрес басқармасы қатысты.
Қылмыстық топ call-орталық операторлары, HR-менеджерлер, химиктер, курьерлер мен логистерді заңды жұмысқа орналастыруды сылтаумен жалдаған. Алайда оларды есірткі бизнесіне тартқан.
Тергеу барысында Украина мен Қазақстанда 146 тінту жүргізіліп, Telegram-дағы 31 есірткі дүкені анықталды. Қылмыстық желінің 27 белсенді мүшесі анықталып, жеті адам ұсталды, тағы тоғыз адамға айып тағылды.
Операция кезінде 24 келі синтетикалық есірткі қоспасы, 3,5 мыңнан астам қолдан жасалған шылым және екі мыңға жуық дайын пакет тәркіленді.
ІІМ азаматтарды интернеттегі «оңай әрі жоғары табыс» ұсынатын күмәнді жұмыс хабарландыруларынан сақ болуға шақырды.